Ақтауда 2017 жылдан биылға қалған 7 автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі қолданыстағы Бекет Ата мешітінен «У Николая» көлік жөндеу орталығына дейінгі аралықтағы №9 жол 4 жолаққа ауыстырылмақ. Шығыс-2, Шығыс-3 шағынаудандарындағы жолдар онда су, кәріз жүйелері салуына байланысты уақытша тоқтап тұр. Бүгінгі брифингте Ақтау қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев осылай деді. Бөлім басшысы осы және өзге де қалаішілік жолдар мен автобустарға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталып, журналистер сұрағына жауап берді.
Оның айтуынша, қаладағы автомобиль жолдарын кеңейту және кептелісті азайту бойынша 6 жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Ал жолдың дамуын жалғастыру негізінде тағы 10 жоба жасақталуда.
- «Нұрас» жанар-жағармай бекетінен арнайы аймаққа дейінгі жол 4 жолақты болып кеңейтіледі. 19А және 30 ш/а аралығындағы қолданыстағы 4 жолақты №25 автожол 6 жолаққа, 1 ш/а «Хюндай» орталығынан ХГМЗ-ға дейінгі жол 4 жолаққа өзгертіледі. «Өмірзақ» ауылынан Жылы жағажайға дейін автожол салу үшін техника-экономикалық негіздеме жасақталды. Қазір ЖСҚ дайындалуда, - дейді Жетібай Құбашев.
Биыл қала бойынша 12 шақырым жол пайдалануға берілген. Сонымен қатар Каспий маңы елдерінің саммиті өтуіне байланысты 8 автожолға орташа жөндеу және әуежайдан арнайы ХҚКО дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге республика бюджетінен 2 млрд. 345 теңге бөлінген. Қазір негізгі асфальт төсеу жұмыстары аяқталып, енді жиектас ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бөлім басшысының мәліметінше, 33 шақырым 200 метр жиектас граниттастарға ауыстырылады. Оның айтуынша, бұл жиектастар 50-100 жылға дейін шыдайды екен.
Жиектас ауыстыру жұмыстары «ИвРус», «Ынта» ЖШС және «Ақжол құрылыс» мекемелеріне жүктелген. Ал жиектастардың жол салынғаннан кейін неге ауыстырылғанын Жетібай Құбашев түсіндірді:
- Тегіс болу үшін асфальт жиегін кесіп алып жатыр. Өйткені жиектастарды қойған кезде құлып тәрізді астасып, астына бетон құйылады, - деген ол екеуін қатар орнату техникалық тұрғыдан тиімсіздігін айтты.- Бүгінде «ИвРус» мекемесінің жұмысының аяқталуын күтіп отырмыз. Егер жолда қандай да бір кемшілік болса, қабылданбайды, әлі қабылдаған да жоқпыз. Сондай-ақ аталмыш компаниялар 2 жылға кепілдік береді, - дейді Жетібай Бопышұлы.
Саммит қарсаңында қаладағы 9 жол қиылысындағы ескі бағдаршамдарды жаңартуға 51,4 млн теңге жергілікті бюджет қаржысы қарастырылған. Нәтижесінде 73 дана автожолға және 54 дана жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам ауыстырылған. Осы жылы жергілікті маңыздағы 200 шақырым жолды күтіп ұстауға 611 млн теңге бөлінген.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН