Бүгін Ақтауда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың «Жарқыра» бағдарламасы бастау алды. Бағдарлама кәсібін жаңадан бастаған және әлеуетті әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған кіріспе-семинарлар өткізуден басталды.
Айта кетейік, «Жарқыра» бағдарламасы Атырау облысында 2016 жылдан бастау алды. Бағдарлама «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Орталық Азия Еуразия қоры жүзеге асырып жатыр. Атырау облысында 3 жыл табысты жүзеге асырылуда. Осы уақытта 21 әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерліктерге қолдау көрсетілген. Олар Атырау облысының 15 мыңнан аса тұрғындарына қызмет көрсетіп, табысты дамып, бизнес-көрсеткіштерін жақсаруына көмектескен.
«Бағдарлама ең алдымен Атырау облысының Құлсары қаласында басталса, 2017-2018 жылы Атырау облысында жалғасты. Биыл «Жарқыра» бағдарламасы Маңғыстау өңіріне келді. Форт-Шевченко, Баутино елдімекендеріне кіріспе-семинарлар өткізіп бастадық. Бүгін және ертең Ақтау қаласында өткізіледі. Дәл осындай семинар 30 қазан күні Боранқұл ауылында өтеді. Біз кіріспе-семинарда халыққа әлеуметтік кәсіпкердің не екенін түсіндіреміз. Кәсіпкерлер бізге идеясын беріп бастайды. Келіп түскен идеяның ішінен біз 25-ін таңдап аламыз. Оларды әрі қарай оқып жетілдіреміз. Сосын олар комиссияның алдына келіп, өз жобаларын қорғайды. Жобада 6-8 жеңімпаз болады. Соларды қаржыландырамыз. Яғни, қайтарымсыз ақша немесе қайтарымды бірақ несиесіз ұзақ мерзімге береміз. Ақшаны бергеннен соң жобаны жүзеге асыру үшін шетелге тәжірибе алмасуға жібереміз», - деді тәжірибелі кәсіпкер, әлеуметтік саланың бизнес-тренері Асқар Секербаев.
Семинарда белгілі әлеуметтік кәсіпкер, бизнес-тренер Ғалым Жүкіпбаев пен тәжірибелі кәсіпкер, бизнес-тренер Асқар Секербаев қатысушыларға әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз не, әлеуметтік бизнес идеялар мен ресурстарды іздеудің әдістері, идеяға қаражат тарту, «Жарқыра» бағдарламасына қатысып, идеяны жүзеге асырудың жолдарын түсіндірді.
Әлеуметтік кәсіпкердің айтуынша, жоба жаңадан кәсібін бастаған кәсіпкерге 1,5 млн теңге, ал бұрын кәсіппен айналысып жүрген кәсіпкерлерге 3 млн-ға дейін қаржы беретіндігін айтты. Соның ішінде қайтарымсыз ақшамен берілетін бір ғана грант болатынын түсіндірді.
Айта кетейік, бағдарламаға қатысуға өтініштер 7 қарашаға дейін www.zharkyra.kz сайтында онлайн қабылданады. Сарапшылар комитеті 25 үздік концепцияның авторларын іріктеп алады. Олар оқулардан өтіп, бизнесжоспарларын жасайды. Одан кейін 5-6 үздік жобалар қаржыландыруға ие болады, олардың авторлары қажетті оқулардан өтіп, консультациялық қолдау алады.
Бағдарлама мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуде көмек, қайырымдылық, белсенді азаматтар үшін өзінің тың идеяларын іске асыруына зор мүмкіндік болмақ.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64226,64227"]