Араға жылдар салып Маңғыстауда төбе көрсететін алабарыс (леопард) Үстірт қорығына келді. Қорегін түнде аулайтын ерекше жануарды Үстірт қорығының фототұзағы «құрықтады». Яғни, жыртқыштың өңірге келгені 29 қыркүйек күні қорықтың фототұзағына түскен кадрлардан мәлім болды. Сирек кездесетін жануардың «бұл сапары» жөнінде кеңірек білу үшін Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиевке хабарластық.
Оның айтуынша, «Қызыл кітапқа» енген аң соңғы рет аймаққа осыдан үш жыл бұрын келіпті.
- Маңғыстауда алабарыстың кездеспегеніне көп болды. 2015 жылы біреуі қақпанға түскен болатын. Ол адамдарға шабуыл жасағандықтан өлтірілген. Одан бұрын шамамен 2005 жылы пайда болды, бірақ еш жерге жарияланбады, - дейді ол.
Бұл жолы алабарыс «Жаман Кендірлі» бұлағы маңына келіпті.
- Біз аңдарды қарап отыру үшін фототұзақ құрып қоямыз. Бұл алабарыс Көкесем шоқысының оңтүстік бағытында 40 шақырымда «Жаман Кендірлі» бұлағының маңындағы фототұзаққа түсіп қалған. Бұл – біз үшін жаңалық, өйткені леопард бұрын біздің жануарларымыздың тізімінде болмаған, енді тіркеп қоямыз. Ғалымдардың айтуы бойынша, жануар Түркменстан елінде бар, сол жақтан келген болуы мүмкін, - дегенді айтты Меңдібай Ағиев.
Иә, мәліметтерге сүйенсек, жануар тропиктік, субтропиктік аймақтардағы ормандарда, тау беткейлерінде, жазық далалар мен саванналарда, өзен бойында, тоғайларда мекендейді. Африкада, Азияда, Түрікменстанда, Ресейдің Қиыр Шығысында жиі ұшырасады. Негізінен тұяқты аңдармен (бұғы, елік, арқар, т.б.) қоректенеді. Дене тұрқының ұзындығы 107-180, құйрығының ұзындығы 75-110 см. Аяқтары қысқа болғанымен өте мықты.
Шапшаң қимылдайтын жануарды «көзбен көрген» аппараттың бүгінде қорық аумағына 8 данасы құрылған. Оның әрқайсысының қуаты 2 айға жетеді екен.
- Ол аң, құс, кез келген қозғалған нәрсені суретке түсіріп тұрады. Батареясының қуаты екі айға дейін жетеді. Дегенмен біз екі аптада, бір айда тексеріп, суреттерін құйып алып отырамыз, - дейді Меңдібай Ағиев.
Бұған дейін аппаратқа леопардтан өзге бұрын көзге көрінбей жүрген қарақұлақ аңы, мысықтың түрлері, дала мысығы түскен. Қорық мамандары енді итаю жануарын түсіруді жоспарлапты.
- Әзір оның жүретін жерлеріне фототұзақ құра алмай отырмыз. Себебі қамыстардың арасында жүргендіктен, аппарат қамыстың әр қозғалғанын түсіріп, кадры таусылып қалады. Қуаты екі айға жеткенімен, айналада қозғалыс көп болса, кадрды 1-2 күнде бітіріп тастауы мүмкін. Жалпы итаюды 2015 жылы арнайы фотоаппаратпен түсіргенбіз, бірақ қорық аумағына келгені кадрға ілінбеген. Іздерін көреміз де өзін түсіре алмай жүрміз. Биылғы жоспар итаюды табу, сондықтан оған өз алдына фототұзақ құрамыз деген ой бар, - дейді Меңдібай Ағиев.
Айта кетейік, қорық директоры орынбасарының бұған дейін сайтымызда Қорық жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі көлемді мақаласы жарияланған болатын.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді ұсынған Меңдібай АҒИЕВ