«Бірге жарқыраймыз! Aқтау – Каспий эко-маржаны» фестивалі аясында өңірдің экологиялық ахуалы, қалдықтарды өңдеу, тұрғындардың қоқыстарды жүйелеу психологиясын қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Қазақстанның 12 қаласында өткен шараның нүктесі мұнайлы өлкеде қойылды. БҰҰ Даму Бағдарламасы, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен фестиваль аясында арнайы брифинг ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформаның және өңірлердің дамуы жөніндедегі комитеттің мүшесі Майра Айсина, Дамыту қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан, ҚР БҰҰ ДБ өкілдері, МО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Дүйсен Құсбеков, ҮЕҰ өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты.
Фестиваль мақсаты – білім беру мекемелері арасында экологиялық мәдениетті дамыту, таза, жасыл қала ретінде Ақтау идеологиясын насихаттау, энергия үнемдейтін технологияларға, бөлек қалдықтарды жинау үрдісін балалар мен ата-аналар арасында қалыптастыру.
- БҰҰ ДБ Маңғыстау облысы әкімдігімен осыдан 5 жыл бұрын әріптестікті бастаған болатын. Сол кезде осы өңірге арналған 3 жылдық бағдарлама іске асты. Мектептер мен емханаларда, көшелерде жарық диодты шамдар қондырылып, жылу жүйелері жаңаланды. Ескі шамдарды халықтан жинау үшін қала көшелеріне контейнерлер қойылды. Бұл әріптестік нәтижесінде бүгін өңірге үлкен командамен «Бірге жарқырайық!» фестивалін алып келдік. Бұған дейін технологиялық іс-шаралар өтсе, енді ақпараттық насихат жұмыстары өткізіледі. Яғни БҰҰ-ның Қазақстанда жасап жатқан жобаларын көрсету және тұрмыстық салада қолдануды сіздерге жеткізу, - деді БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасының сарапшысы Әділет Тікенов.
Бұдан соң табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Дүйсен Құсбеков өңірдегі қалдықтарды сұрыптау жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, облыста 7 ерекше қорғауға алынатын табиғи аймақ бар.
- Экология кодексінің 234-бабына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдімекендердегі полигондарға тұрмыстық қатты қалдықтардың бірнеше түрін төгуге тыйым салынады. Мұнымен жұмыс жүргізудің бірден-бір көзі – инвесторлар тарту. Қазір облысымызда осы мәселемен айналысып жатқан екі инвестор бар. Әрқайсысы өз қаржысына аталмыш тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын желілерді қойды. Оның әрбірінің қуаттылығы 50 мың тоннадан асады. Сондықтан 100 мың тоннадан астам қалдықты сұрыптауға осы екі компанияның шамасы келеді, - деді ол.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина басқа өңірдің адамдарына Маңғыстау табиғатына бейімделу қиынға соғатынын, кез келгеннің мұндағы ауа райына шыдас бермейтінін тілге тиек етті.
- Біздің келген мақсатымыз бәрін қопарып, мәселені 1-2 күннің ішінде шеше салу емес. Осы мәселеге халықтың назарын аудартайық, өзіміз бастама жасайық деген ой болды. Астанада кеңседе отыра берсең, аймақтарда, ауылдарда не болып жатқанын білмейсің. Араласаң, қайда қандай мәселе бар, қай жерге көңіл бөлу керектігінен хабардар боласың, - дегенді айтты ол.
Жоғарыда Дүйсен Құсбеков айтып өткендей, 2019 жылдан бастап макулатура, шыны қалдықтарын қоқысқа тастауға рұқсат етілмейтін болады. Осыған байланысты мамандар дайындық жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтады. Мәселен, Есенов университетінің оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Нұраддин Жайылхан өзі жасаған тәжірибесімен де бөлісті.
- Қоқыс өңдеу зауытын салуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ бізде қоқыстарды жеке-жеке сұрыптау психологиясы қалыптаспаған. Еуропада қалдықтардың өңделу көрсеткіші 60-70% болса, бізде 10%. Осының бәрін реттеу үшін балабақшадан бастап университет студенттеріне дейін жұмыстар жүргізуіміз керек. Мен 6-9 жас аралығындағы балаларға тәжірибе жасағанмын. Қолдарына түрлі-түсті қапшықтар беріп, әрқайсысына әртүрлі қалдық салуды тапсырдым. Олар тапсырманы өте жақсы орындады. Яғни балалардың сана-сезімі ересектерге қарағанда жоғары деген сөз. Біз Еуропаның 30-40 жылда жеткен жетістігін 10 жыл көлемінде жүзеге асыруымызға әбден болады. Сондықтан психологияны қалыптастыру үшін жан-жақты шаралар қолдану керек, - дейді ғалым.
Сұқбат алаңында қоқыс салатын қапшықтардың аузын байлау да қоқыс өңдеушілер үшін тиімсіздігі айтылды. Өйткені әр қапты ашып отыру біршама уақытты қажет етеді дейді мамандар.
Экология тақырыбын қамтыған жиыннан «Қошқар ата» көлі де елеусіз қалмады. Ақтау қалалық мәслихат депутаты Ықылас Көшербаев оның денсаулыққа радиациялық зиянын айта келіп, қауіпті аймаққа айналған көлдің мәселесін шешуді ұсынды. Ал Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Бибігүл Түркпенбаева экология әсерінен зардап шеккендер тізімін де ала келіпті. Оның ақпарынша, облыста күн санап өсіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балалар қатары 5000-ға жеткен.
- Маңғыстаудағы ең үлкен мәселелердің бірі – «Қошқар ата» көлі, екіншіден, мұнай өндіретін аймақ болғандықтан, оның да әсері жоқ емес. Күннің ыстығы онсыз да 45-50 градусқа барады, ал жер астынан шығатын мұнай 70 градусқа дейін қызады. Мұнай қалдықтары жерге көміліп жатқанын айтпағанда. Жерасты суымен біз оны жұтып жатырмыз. Ақтау қаласының өзінде 2241, Мұнайлы ауданында 993, Жаңаөзенде 903 науқас бала бар екен. Бұрын өңірде мүлде болмаған аутизм сырқатымен ауыратын 173 бала тіркеліпті. Мұның бәрі жүйелі түрде шара қолға алынбағандығының салдарынан, - дегенді айтты Бибігүл Жапарқызы.
Жиынға қатысқан депутаттар балалардың ойыншығы, тамағы мен сусындары да денсаулығына кері әсер ететініне алаңдайтындықтарын жеткізді. Қатысушылар фестиваль ұйымдастырушыларына өңірдегі экологиялық ахуалды барынша баяндап, жақын арада шешу қажет мәселелерді ұсынды. Онсыз да ыстық пен шаң-тозаң табиғатына тән аймақтың түйткілдерін ұзаққа қалдырмауды сұрады.
Фестиваль аясында «Бірге жарқыраймыз!» арт жобасы, энергоэффективті квест және «Біз таза Каспий үшін» атты жағалаудағы тазалық шаралары ұйымдастырылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63925,63924,63922,63926"]