Қазақстан инновациялық индустрияландыру шеңберінде құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру бағдарламасының бірінші жартыжылдықтағы қорытындысына арналған «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» жалпыұлттық телекөпірі өтті. «Үдемелі индустриялдық- инновациялық даму» бағдарламасы аясында отандық өнім өндірісін өрістетуге жол ашқан жаңа жобалар іске қосылып, екінші бесжылдықтағы екпінді құрылыстар таныстырылды. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында мұнай құбырларын өндіретін «Тенарис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары телекөпір арқылы тікелей байланысқа шықты.
Жамбыл, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан кейін телекөпірге Маңғыстау өңірі қосылды. Сол кезде байланыстағы аймақтар өндірісті өлкенің тынысын ашатын жарқын жобамен танысуға мүмкіндік алды.–Итальяндық «Тенарис» компаниясы өткен жылы біздің облысымыз үшін өте маңызды құрылысты бастады. Құны 12 млрд.теңге болатын жоба толық іске қосылғанда 90-ға жуық жаңа жұмыс орыны ашылып, жергілікті тұрғындар жұмысқа алынады. Құрылыс аяқталғанға дейін мердігер және қосалқы компанияларда 100 адам еңбек етеді. Әлемдегі ең белді ірі компания инновациялық құбырларды кескіндеу тәсілімен өндіреді. Бүгінде бастапқы құбырларды шығару жұмыстары жүргізілуде. «Үдемелі индустриялды- инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде бой көтерген зауытта озық технологиялардың көмегімен жылына 35 мың тонна жоғары қысымды, газды- герметикалық кескінделген құбырлар шығарылады. Инвестициялық жобаның құрылысы қыркүйек айында аяқталып, іске қосылады,– деді облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.
«Қазақстан Пайп Трэдэрс» ЖШС бас директоры Хуан Хуаникотенаның айтуынша, «Ақтау теңіз порты» АЭА инвестиция салуға қолайлы, мұнай-газ секторына салмақты серпін беретін жобаны жүзеге асыруға тиімді орын. Зауытқа қажетті шикізат Аргентина, Мексика, Италия, Румыния мемлекеттерінен тасымалданады. Келешекте елімізде өндірілетін құбырлар да инновацияның игілігіне жаратылып, өңдеуден өтеді.
Мен осы зауытта 3 айдан бері құбырлардың бұрандаларын тексеру жұмысын жасаймын. Жергілікті жердің азаматтарымен бірге Сауд Арабиясында, Румынияда бірнеше ай оқып, білімдерімізді жетілдірдік. Бүгінде оқыған, тоқығанымызды басқа жұмысшыларға үйретіп жатырмыз,– деді зауыт жұмысшысы Асан Қуандықов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Қуаныш Исмайлов