Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Астана күніне орай «Каскор-ТрансСервис» АҚ мекеме қызметкерлеріне, қала тұрғындарына сый жасап, спорт кешенін тарту етті. Шараның салтанатты ашылуына облыс әкімі Алик Айдарбаев пен Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, зиялы қауым өкілдері қатысты.
- Аймақта спорт нысандарының құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Ақтау қаласының 33 шағын ауданында Спорт сарайы мен дзюдо және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған екі спорт залы салынуда. Маңғыстау ауданының Шайыр, Қызан және Ақшымырау ауылдарында үш спорт залының ғимараттары тұрғызылуда. Бұл жұмысқа облыстағы ірі компаниялар да ат салысуда. Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған «Теміржолшы» спорт залы көп жылдан бері қолданылмай келген болатын. Бүгін «Каскор-Транссервис» АҚ басшылығының шешімімен спорт залға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл тұрғындар үшін Астана күні мен еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған керемет сый, - деді теміржолшылардың қуанышымен бөліскен өңір басшысы Алик Айдарбаев.
Ангарлық түрдегі спорт кешенінің бірінші қабаты волейбол, футбол, баскетбол ойнауға және көркем гимнастикамен айналысуға арналған. Екінші қабатта спорттың дзюдо, самбо түрлерімен, үстел теннисімен шұғылдануға болады. Сондай-ақ, спорт залда талапқа сай киім ауыстыратын, жуынатын бөлме, сауна, медициналық кабинет те қарастырылған.
- Жалпы бұл спорт кешенің құрылысы сонау 80-жылдары басталған еді. Кейін Кеңес Одағының тараған уақытында кешеннің құрылысы тоқтап қалған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап спорт кешенінің құрылысын қолға алып, толықтай күрделі жөндеу жүргізе бастадық. Күрделі жөндеуге мекеме 700 млн.теңге қаражат жұмсады. Алдағы уақытта тұрақты түрде жұмыс жасайтын бұл кешеннің екінші кезеңінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол жерде жаттығу залы, ашық алаңда 25 метрлік бассейин қарастырылатын болады. Бұйыртса, спорт кешенінің екінші кезеңі ағымдағы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, - деген «Каскор-ТрансСервис» АҚ басқарма төрағасы Әли Сахимов спорт кешенінде он адамға жаңа жұмыс орны ашылып отырғанын атап өтті.
Венера МИРЛАН, Суретті түсірген Серік Майемеров