©
Күні кеше ақтаулық оқушылардың өз сыныптасын темірге скотчпен байлап қойып, басына жұмыртқа лақтырып, ұн шашқан әрекеті интернет қолданушыларын дүрліктірген болатын. Бұған дейін сайтымызда жазғанымыздай, бұлар Ақтаудағы №8 мектептің 8-сынып оқушылары екен. Олар осы әрекетімен туған күн "тойламақ" болған. Осы оқиға бойынша бүгін Ақтауда аталған мектепте жиналыс өтті. Жиынға Ақтау қалалық білім бөлімінің басшылары, Ақтау қаласындағы орта мектептердің директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері, педагог-психологтар, ювеналды полицияның қызметкерлері қатысты.
«Жасөспірімдер арасында болған келеңсіз оқиға ойын болғанымен көпшіліктің алаңдаушылығын туғызып отыр. Білім беру саласында бала тәрбиесі жөнінде қаншама маман бар. Біздің жұмыс жоспарымыз бар. Бірақ балалардың істеген әрекеті жасалған жұмысты жоққа шығып отыр. Қаншама үкіметтік емес және балалардың құқын қорғау жөніндегі ұйымдар жұмыстар жүргізіп жатыр», - деді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Айжақсы Тұржанова.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаеваның айтуынша, оқушы туған күн тойлау әдісіне өз еркімен келіскен.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63237,63239,63235,63238,63240"]Ақтау қаласы Ішкі істер басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Баймұрат Таубайұлы бұл жасөспірімдердің қылықтарына қатысты былай деді:
«28 қыркүйек күні болған оқиғаның видеосы күні кеше инстаграмға, тағы да басқа желілерге түсті. Видео бойынша материалдар жинақталып, қазіргі таңда кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданды. Ата-аналарды жауапкершілікке тарту не тартпау мәселесі қаралатын болады. Егер жауапкершілікке тартылатын жағдайда материалдарды жинап, сотқа жібереміз. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 127-бабы бойынша (ата-ананың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамау) немесе 435-бабы бойынша (он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған адам жасаған ұсақ бұзақылық немесе бұзақылық – ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады) қаралады», - деді ол.
Жиында Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Айжақсы Тұржанова былай деді:
«Кез келген баланың балалығын түсіністікпен қабылдап, әр түрлі арыз-шағымды қолданудың қажеттігі жоқ деп ойлаймын. Баланың күнделікті әрекеттеріне ата-анаға айыппұл сала беретін болсақ не болады? Өздеріңіз де бала болдыңыздар, неше түрлі оқиғалар болды. Сондықтан да бұл мәселені ішкі істер қызметкерлерімен, ұстаздармен, ата-ана комитеттерімен талқылаймыз. Балалардың арасында өзара келісіммен болған оқиғаның әрі қарай бір-бірімен өштеспегеннен кейін бұны үлкен мәселе қылып, үлкен айыппұл салып, үлкен шара қылудың қажеті жоқ. Мынадай заманда бір-бірімізді аяқтан тартпайық».
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=czW0ff34Rc0[/embed]Ал №8 орта мектептің директоры Әселхан Маратқызының айтуынша, оқушылар тарапынан бұл күнге дейін ешқандай тәртіпсіздік, құқық бұзушылық тіркелмеген. Яғни бұл балалардың барлығы толық отбасында тәрбиеленіп жатыр.
Осы күні соң түс қайта Ақтау қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғау істері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Келіп түскен материал қаралды. Комиссия жұмысына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова, МО ІІД-нің өкілі, Ақтау қалалық білім бөлімінің мамандары, психологтар, ата-аналар мен балалар қатысты. Отырыста оқиғаға қатысқан балалар мен олардың ата-аналары бір-бірінен кешірім сұрады. Сондай-ақ келесіде мұндай іске бармайтындарын, қайталанбайтынын айтты.
Отырыс соңында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова комиссияның шешімін айтты:"Балалар кәмелет жасына толмағандықтан бұл әрекеттері ұсақ бұзақылық деп саналады. Соған байланысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес ата-ананың тәрбиесінде қателіктер болғандықтан, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. ҚР Әкімшілік кодексінің 127-бабы бойынша ата-ана өз міндетін орындамағаны үшін, әр ата-ана айыппұл төлейді. Балалар тәрбиелік мақсатта екі ай бойы сағат 21:00-ден кейін кешкі уақытта шығуға болмайды", - деді ол.
Айта кетейік, ата-аналардың қанша айыппұл төлейтінін сот шешетін болады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63282,63280,63277,63279,63278"]