Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 120 қызметкерінің 111 тәртіптік жауапкершілікке, қалған 9 әкімшілік жазаға тартылған. Былтыр түрлі жауапкершілікке тартылғандар саны – 148 болатын, нәтижесінде департаменттің әрбір төртінші қызметкері жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 105-сі немесе 70% астамы басшылық құрамның лауазымды тұлғалары. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша Ақтауда өткен басқосуда айтылды.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен шараға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, «Нұр Отан» партиясы, үкіметтік емес ұйымдар, арнайы мониторингтік топ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ мүшелері және мемлекеттік кірістер департаментінің жеке құрамы қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова өз баяндамасында тәртіптік жауапқа тартылған кірістер департаменті қызметкерлері санының артқанын алға тартты. Әсіресе ұсақ бұзақылық жасау, үш қызметкердің көлiк құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйінде басқару немесе құжатсыз көлікке отыру, жол-көлік оқиғасын жасап өз міндеттерін заң алдында орындамау сияқты қылықтармен көзге түскен.
Сондай-ақ кірістер департаментінің басшылығы өз міндетін адал орындаған қызметкеріне заңды түрде сыйақы бермей, керісінше бұрын жазаға тартылған қызметкерге сыйақы берген деректер анықталған.
Мәселен, «Темір баба» кеден бекетінің жетекші маманы Д.Абдраманов өзіне тиісті сыйақының берілмегенін айтып шағымданған. Агенттік департаментінің ұсынысынан кейін мемлекеттік қызметшіге 102 000 теңге көлемінде сыйақы өндіріліп, өтініш берушінің құқығы қорғалды.
Ал керісінше облыстық кірістер департаментінде жүргізілген ішінара тексеру кезінде қызметші Ж.Тобылбаевқа тәртіптік жаза қолданылғанына қарамастан, 50 000 теңге заңсыз сыйақы берілгені анықталды. Агенттіктің аумақтық департаменті тарапынан ұсыныс енгізіліп, заңсыз сыйақы мемлекет бюджетіне кері қайтарылды.
«Жалпы алғанда кірістер департаментінің қызметкерлері 56 ескерту, 27 сөгіс, 5 қатаң сөгіс, 12 қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, 2 қызметінен төмендету, 2 қызметінен босатылған. Сонымен қатар 5 мемлекеттік қызметші, атап айтқанда Т.Касенов, К.Олжабаев, К.Шамуратов, А.Сидалиев, Н.Өмірсерік теріс себептермен қызметтен босатылған. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімдерін немесе тәртібін бұзғаны үшін кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының 2 қызметкеріне 72150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған», - деді департамент басшысы Н.Жанназарова.
Әдеп кодексінің нормаларын сақтау бойынша да талаптар ақсап тұр. 5 қызметкер әлеуметтік желілердегі парақшаларында ойын-сауық орындарда, кафелерде, демалыс орындарында спирттік ішімдікпен түскен суреттерін жариялаған.
Бұл фактілер мемлекеттік кірістер департаментінде моральдық-психологиялық ахуалдың, мемлекеттік қызметшілер әдеп нормаларын сақтау деңгейінің төмендігін, департамент басшылығы тарапынан бақылаудың жасалмайтындығын байқатады.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ