©
Маңғыстауда ең көп жемқорлық фактілері жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, әлеуметтік қорғау және қорғау, тұрғын-үй шаруашылық, білім және құрылыс салаларында тіркелген. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша Ақтауда өткен басқосуда Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Елдос Сағиев айтты.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен шараға қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, «Нұр Отан» партиясы, үкіметтік емес ұйымдар, арнайы мониторингтік топ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ мүшелері және мемлекеттік кірістер департаментінің жеке құрамы қатысты.
Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Елдос Сағиевтың айтуынша, соңғы екі жылда 266 қылмыс тіркелген, оның 211 немесе 80% сыбайлас жемқорлықпен тікелей байланысты. Мемлекетке келтірілген 960 млн. теңге шығын қайта өндірілген. Есептік кезеңде 92 тұлға жауапкершілікке тартылған.
«Оның 10-ы облыстық деңгейдегі басшылар. Ал, 24-і әр түрлі деңгейдегі қызметтегі мамандар. Сотқа 183 қылмыстық іс жолданып, 48-і сотталды. Ашып айтсам, анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстары ішінде 91-і пара алу бойынша, алаяқтық 54, бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша - 40, өкілеттілігін асыра пайдалану бойынша 23 іс тіркелді», - деді ол.
Жер қатынастары саласында 58 факт, мемлекеттік сатып алу бойынша 29, әлеуметтік қорғау және қамту саласында 22, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласында 13 іс тіркелген.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ