©
Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі ұшаққа билетсіз мінген жағдайдан соң Алматы әуежайының қызметкерлері жауапқа тартылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
«2018 жылдың 14 қыркүйегінде Т.Алихановтың(Төреғали Төреәлінің құжат бойынша тегі) әуежайдың бақылау аймағына және «Эйр Астана» АҚ әуе кемесінің Алматы - Гонконг рейсіне ұшқалы тұрған бортына өтіп кетуіне байланысты ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша, Алматы әуежайында авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін, рұқсат етілмеген тұлғаның бақылау аумағы мен әуе кемесінің бортына заңсыз өтіп кеткеніне байланысты көрсетілген әуежай мен әуе компанияның кінәлі тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалды. ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 570-бабының 1-тармағына сәйкес қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
1. Рахимгереев Ринат Булатович – «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлім инспекторына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды (48 100 теңге); 2. Қырғызбаев Абылай Жәрдемұлы – «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлім инспекторына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды (48 100 теңге); 3. Закирова Шолпан Бекетовна – «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлім инспекторына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды (48 100 теңге); 4. Абдурахипова Карина Рафаильевна – «Эйр Астана» АҚ әуе компаниясының жолаушыларға қызмет көрсету агентіне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды (48 100 теңге); Авиациялық қауіпсіздік шараларын бұзуды болдырмау мақсатында Азаматтық авиация комитетінің мемлекеттік авиациялық инспекторлары авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылығы мен қызметкерлеріне әуежайдағы өткізу және нысанішілік режим туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Комитет өз жұмысында заң бұзушылықтарға төзбеу қағидасын ұстанады және алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмейді деп есептейді", - деп мәлімдеді Азаматтық авиация комитеті фейсбук парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің «AirAstana» әуе компаниясының «Алматы–Гонконг» бағытындағы ұшағына билетсіз кіріп, нәтижесінде әуе бағытындағы Алматы – Гонконг рейсі кешіктірілген болатын.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ