Маңғыстауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап өтерлігі, Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы "Маңғыстаудың интерактивті картасы" мобильді қосымшасын жасады. Бұл Маңғыстау өлкесінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді білуге, тамашалауға елімізге келіп жатқан қонақтар мен туристер үшін, өлкенің тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ. Жоба мақсаты - Маңғыстаудың киелі, тарихи және мәдени нысандарының интерактивті картасын қалыптастыру арқылы, жергілікті бағалы құндылықтар, тарихи архитектуралар, ескерткіштер, кешендер, кесенелер, сондай-ақ тарихи және саяси маңызға ие оқиғалардың орындарын халық арасында таратып, насихаттау. Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының археология және архитектура бөлімінің жетекшісі Бекболат Төлегенұлының айтуынша, қазіргі таңда екі бағыт бойынша жұмыс жасалынуда. Интерактивтік карта – интернет арқылы сайтқа кіріп, Маңғыстауда орналасқан тарихи ескерткіштерді көруге болады. Қазіргі таңда 30 ескерткіш енді. Оның 15-і жалпыұлттық маңызға ие нысандар. Ал қалған 15-і жергілікті маңызы бар нысандар кіргенін атап көрсетті. «Бұл әлі де алдағы уақытта толықтырылатын болады. Сондай-ақ интерактивтік картадан интеграция негізінде екінші мобильді қосымша Маңғыстаудың ескерткіштерін QR код арқылы көруге мүмкіндігі бар. Сол себепті оны ұялы телефондағы сіз Appstore-дан және Play Market-тан жүктеп ала аласыз. Кез-келген тарихи орындар арқылы ақпаратты ГИД-тің көмегінсіз, сайттан алуға мүмкіндігіңіз бар. Мысалға қонақтар келген кезде мұның пайдасы өте зор. Біздің көптеген ескерткішіміз далалы жерде орналасқандықтан, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан оффлайн, яғни интернетсіз QR код-та, смартфонмен сканерлеу арқылы ақпарат алуға болады. Оны үш тілде ала аласыз: қазақша, орысша, ағылшынша. Бұл барша туристерге қолайлы. Сол жердің тарихын қысқа да нұсқа, сондай-ақ толығырақ өзіне жетімді қылып алу мүмкіндігіне ие болады», - деді Маңғыстау Мемлекеттік тарихи мәдени қорығының археология және архитектура бөлімінің жетекшісі Бекболат Төлегенұлы. Жалпы бұл интерактивті жобаны әзірлеген Mediana Services Limited IT-компаниясы. «Жобаны қолдан келгенше ерекше қылып жасауға тырыстық. Мобильді қосымшаның ең басты ерекшелігі - барлық обьектілердің фотогалереясы, видеосы және 3д панормалары бар. Киелі мекенге қызығушылық танытқан жағдайда сол обьектіге барып-келу мүмкіндігін өзінің ұялы телефоны арқылы біледі. Өзіңіз тұрған жерден, қаладан немесе ауылдан болсын, ескерткішке дейін қанша уақыт, қанша шақырым кетеді соның бәрін есептеп, автоматты түрде көрсетуге мүмкіндік алады», - деді "Меdiana Servise" бөлім бастығы Еркебұлан Бекназаров. Айта кетейік бұл "мобильді қосымшаны" https://mangystau.inmap.kz/kz/ сілтемесі арқылы көре аласыз.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ