Облысымызда көршілес Батыс Қазақстан өңірінің күндері өтуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің барлық аймақтары арасында қарым-қатынасты дамыту тапсырмасына орай өтіп жатқан шара аясында қос облыстың әкімдері кездесіп, өзара байланысты дамытудың тиімді жолдарын қарастыру туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, екі өңір өкілдерінің делегациясы Ақтаудағы бірқатар нысандарды аралап, Маңғыстаудың экономикалық даму қарқынына көз жеткізді.
Кәсіпкерлер палатасында өткен басқосуға қос аймақтың өкілдері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты. Көршілес облыстан ынтымақтастық қарым-қатынас пен экономикалық байланысты дамытуды мақсат еткен кездесуде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев сөз алып, аймағымыздың бүгінгі экономикалық-әлеуметтік даму барысынан хабардар етті. Алик Серікұлы Батыс Қазақстан облысымен бұрыннан қалыптасқан байланысты ұлғайтудың маңыздылығын айтты. Көрші облыс әкімі Алтай Көлгінов те өз кезегінде тарихы терең, киелі өлкемен арадағы әріптестіктікті одан әрі нығайту қажеттігіліне тоқталды.
- Біз өңірлік қарым-қатынасты дамыту және нығайту мақсатында Маңғыстау облысына келіп тұрмыз. Облыс басшылығына аса ризамыз, өте жылы қабылдады. Негізгі мақсат – екі өңір кәсіпкерлерінің қарым-қатынасын нығайту. Біз өзіміз үшін үш бағытты белгіледік. Ол – өндіріс, оның ішінде мұнай-газ саласы мен химия өндірісі, ауыл шаруашылығы мен орта және шағын бизнес. Бұл салаларда екіжақты дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар екеніне көз жеткізіп келеміз,-деді Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, машина жасау және құрылыс тауарларын өндіру салалары бойынша батысқазақстандық кәсіпорындар басшылары өз пікірлерін айтып, маңғыстаулықтарды бірлесіп қызмет етуге шақырды. Осыдан соң, облыс әкімдері мен кәсіпорын басшылары өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойды.
- Бүгін Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат бойынша ары қарай қарым-қатынасымызды ұлғайтатын боламыз. Мен болашақта Маңғыстау мен Батыс Қазақстан облысының қарым-қатынасы барлық жағынан ұлғаятынына сенемін,-деді Алик Айдарбаев.
- Мұнайгаз саласында қызмет көрсететін үлкен консорциум бар. Сонымен қатар, осы салада басқарушы мекеме құрылған екен. Осы екі мекеменің арасында жақсы қарым-қатынас жасау үшін қол қойылды. Бұл бізді өте қуантады. Ауыл шаруашылығы туралы айтсам, бұл салада да мүмкіндіктер өте көп. Мәселен, жаңадан ашылып жатқан ет және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Маңғыстаулық әріптестермен жақсы қарым-қатынас жасауға қол алысып, келістік. Осындағы бұқара халыққа және мұнай компаниясына сапалы ет өнімін жеткізуге уағдаластық. Бұрынғы ынтымақтастығымыз одан әрі жақсаратынына сенімдімін,- деді А. Көлгінов.
Осыдан соң қос өңірдің әкімдері бастаған ресми топ Ақтаудағы арнайы экономикалық аймақта еңбек етіп жатқан бірқатар кәсіпорындарға барып, олардың қызметімен танысты.
Батыс Қазақстан облысының Маңғыстаудағы күндері мәдени шараларға жалғасып, Абай атындағы мәдениет үйінде көпшілік қазаққа белгілі ақын Ақұштап Бақытгерееваның шығармашылық кеші мен оралдық өнерпаздардың гала концертін тамашалады.
Анар ШАМШАДИНОВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ