©
Үш ай бойы еліміздің шалғайдағы теміржол бекеттеріне тоқтап, елді-мекен тұрғындарына көмек көрсеткен «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Маңғыстау облысына келді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған пойыз қыркүйектің 5 мен 25 аралығында Маңғыстау облысының бірнеше елді-мекенін аралап, білікті дәрігерлер тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты дәрігерлер бар.
Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған, оның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық жүктеме сынақтарын жүргізу үшін кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген.
2018 жылы «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша, барлығы 71 бекетке тоқтайды. «Саламатты Қазақстан» пойызымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 станцияның тұрғындарын қамту жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздардан еліміздің барлық облыстарынан 1326 станция тұрғындары тексеруден өтті. Мамандар 379 000 қазақстандықты тексерістен өткізді, оның 83 806 балалар. Дәрігерлік қабылдаулардың жалпы саны шамамен 2,5 млн құрады.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметті жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның «Әлеуметтік жобалар» Корпоративтік қоры жүзеге асырады.
Пойыздың бағыттарын мына сілтемеден көре аласыз