Жаңаөзен қаласында сыбайлас жемқорлық тақырыбында көңілді тапқырлар клубының ойындары өтті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елу жылда – ел жаңа» атты республикалық Жайдарман сайысы Ақтау қаласының 55 жылдығына орай өтті. Жайдарман ойындарына Шымкенттен «Байдың балалары», ақтөбелік «Фемида», Орал өңірінен «Грант», Атыраудан «Сағыз», Маңғыстаудан «Боранқұл» және «Өзенмұнайгаз» атты 6 команда қатысты.
Сайыста қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың көріністерін ақшаға құнығу, ақша бопсалау, қаржы жымқыру мәселелерін әзілмен жеткізе білді. Қызметтік мансаппен жоғарылау, қатардағы қызметкерден әкім немесе басқа да үлкен басшылық қызметке дейін көтерілу тақырыптарында түрлі қойылымдар көрсетілді.
«Командалар ойынға жақсы дайындалған және көтерілген тақырыптар да маңызды. Сахнада қойылған әрбір қойылым барша көрермендерге терең ой салды деген ойдамын. Мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор. Баршаңызға алғысымды айтамын және сыбайлас жемқорлықтың бетінен аулақ қылсын, бұл індетке қарсы тұру баршамызға ортақ міндет», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.
Сайыс қорытындысында бас жүлдені Ақтөбенің "Фемида" командасы жеңіп алды. "Сағыз" командасының ойншылары I орынды иеленсе, ал II орын "Өзенмұнайгаз" және "Байдың балдары" ойыншыларына бұйырды. Сондай-ақ III орынды "Грант" және "Боранқұл" командалары өзара бөлісті. Жеңімпаздарға диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Ойынды тамашалауға келген көрермендерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық парақшалар таратылды.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ