Маңғыстауға Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары әдістемелік семинар өткізуге келді. Бүгін семинардың алғашқы күні өтіп, оған Маңғыстау облысындағы денсаулық сақтау саласы өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық, емхана және диспансерлердің орынбасарлары, қаржы, құқықтық сала мамандары қатысты.
Семинардың мақсаты – денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген каддрлардың потенциалын жоғарылату, олардың білімін таразылау. Республикадан келген оқытушылар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салмақ.
«Семинар аяқталған соң мамандардың тақырып бойынша алған білімдерін тексеріп, сертификат береміз. Егер білімдері төмендеу болса, әрі қарай потенциалын қалай жоғарылату керектігін анықтап, айтамыз. Оқу бағдарламасы 11 бағыттан тұрады. Ең біріншісі 2020 жылдан бастап енгізілетін әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, экономикалық тарифтарды құру, дәрі-дәрмектерді реттеу саясаты, сонымен қатар кәсіпорындардың ішіндегі корпоративтік басқару және олардың принциптерін қалай енгізу керек, сол бойынша өтеді. Сондай-ақ министрлік көлемінде қабылданған және Үкімет тарапынан шыққан нормативтік құқықтық актілерді өз жұмысында қалай пайдалану керек, қалай емдеу керек, яғни барлық мәселелерді қамтитын боламыз», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Тұрғанұлы.
Оқу-әдістемелік семинар басталысымен қатысушыларға тест жүргізілді. Әр тақырып бойынша дәріс сабақтары өткізіліп, шара соңында тағы тест беріледі.
Айта кетейік, әдістемелік семинарға 131 адам қатысуда. Мұнда 8 тақырып қамтылып, оқу бағдарламасының уақыты 16 сағат болмақ. Яғни екі күнге жалғаспақ. Қатысушылар сағат таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін дәріске қатысуы қажет. Семинар соңында барлық қатысушыға сертификат табысталады.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60436,60437"]