Бүгін Ақтау қалалық әкімдігі ғимаратында ҚР-ның Президентінің 2018 жылғы 7 тамыздағы №728 жарлығы бойынша көпбалалы 7 ана "Алтын алқа" және 17 ана "Күміс алқамен" марапатталды.
Салтанатты жиынға ардагерлер алқасы, облыстың беделді азаматтары және Ақтау қалалық әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова қатысты.
«Елбасының жарлығына сәйкес, 2016-2017 жж берген тізімнің шешімі шықты. Бүгін алтын құрсақты аналарды салтанатты түрде марапаттауға шақырдық. Бірқатар аналарға алтын алқа 8 наурызда табысталған еді. Халық санының өсуіне атсалысқан батыр аналарды марапаттарымен құттықтаймын», - деді Гүлмира Қалмұратова.
Ардагерлер алқасы батыр аналарды шын жүрекпен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Аналарға Құрмет медальдары тағылып, гүл шоқтары берілді.
Алқа таққандардың арасында жасы небәрі 31 жасында 7 баланың анасы атанған Ақмаржан Бейсенбаева бар.
«Мерекеге келіп күміс және алтын алқаға ие болып жатырмыз. Бүгінгі марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Алқа таққан аналардың барлығын құттықтаймын, денсаулық тілеймін. Қазақстан халқының саны көбейіп жатыр. Өзімде 7 бала бар. Міне күміс алқамды енді алып жатырмын. Тұрмысқа шыққанда көп балалы ана болуды армандадым. Аллаға шүкір арманыма жеттім. Ендігі жолы алтын алқа аламын деп ойлаймын»,- деді көпбалалы ана Ақмаржан Бейсенбаева.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы республикалық демографиялық көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ