1 қыркүйек күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Білім күніне арналған дәстүрлі салтанатты шара өтті. Білім ордасы жаңа оқу жылын 650 оқушымен бастады. Оның 100-і биыл қабылданғандар.
Салтанатты жиын «Өркен» білім грантын жеңіп алып, зияткерлік мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болған 7-сынып оқушыларының шеруінен басталды. Айта кетейік, өткен оқу жылындағы конкурстық іріктеуге Маңғыстау өлкесінен білім гранты үшін 800-ден аса оқушы қатысқан еді.
2018-2019 оқу жылында мектеп жаңа зияткерлермен қатар жаңа ұстаздармен де толықты. Мектептің баспасөз қызметінің мəліметінше, білім ордасына биыл 30-дан аса тәжірибелі педагогтар келген. Мектеп әкімшілігі ұстаздарға мектептің арнайы шарфын табыстады.
Содан соң мектеп директоры Ермек Пайзов сөз алып, жиналғандарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы оқу жылында биік белестерді бағындыруды тіледі.
"Биылғы оқу жылы зияткерілк мектептер үшін өте ерекше жыл. Себебі биыл «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Біз үшін де бұл мерейтойдың маңызы зор", - деді Ермек Серікұлы өз сөзінде.
Жиын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жазғы мезгілге арналған арнайы жобаларға қатысқан оқушылардың жетістігін таныстыру шеруімен жалғасты. Айта кету керек, білім ордасында жаз бойы «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысындағы 10 күн», «Жазғы мектеп -2018» әлеуметтік жобалары жүзеге асты. Мұнымен қоса өткен оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен зияткерлер Америка Құрама Штаттарының Стэнфорд, Джон Хопкинс және Колумбия Университеттері жанындағы Жазғы мектеп курстарына, Назарбаев Университетіндегі курстарға, Гонконг қаласындағы университеттердің курсына қатысып, білімдерін толықтырып, тілдік ортада болып қайтты.
2018-2019 оқу жылының «Алғашқы қоңырауын» соғу құрметіне «Өркен» гранты бойынша ең жоғары 917 балл жинаған Төребаев Нұрғасыр Базарбайұлы мен 909 бал жинаған Сұлтанғалиева Мира Памирқызы ие болды.
Білім күнінде зияткерлік мектеп оқушылары «Мен Отанымның патриотымын» форумын өткізді. Мұнда оқушылар еліміздегі және шет елдегі жоғарғы оқу орындарының жазғы мектептер мен курстары, қатысқан әлеуметтік жобалары жайлы баяндап, сапарларының нәтижесін айтып, өзгелерге мотивация сыйлады.
"Мен 7-19 тамыз аралығында АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің Stanford Pre-Collegiate International Institutes(SPCII) курсына қатыстым. Бұл менің қазіргі таңда айналысып жүрген ғылыми жобамды, бойымдағы көшбасшылық қабілетті дамытуға арналған өте пайдалы, қызықты курстардың бірі болды", - дейді 12-сынып оқушысы Нұрдаулет Төребай жазғы демалысы жайлы.
Шара мектепке жаңа қабылданған оқушыларға арналған кампус-турмен жалғасты. Содан соң оларға «7 сыныптарды зияткерлікке қабылдау» шарасы өткізіліп, оқушыларға төсбелгі тағылды. Оларға мектеп миссиясы, ұраны, құндылықтары, академиялық адалдық ережелері түсіндірілді.
Айта кету керек, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін биылғы оқу жылы айрықша. Өйткені білім ордасы биылғы оқу жылында екінші түлегін ұшырғалы отыр. Биыл зияткерлік мектепті 57 оқушы аяқтамақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60354,60355"]