Қазіргі таңда экология - ең өзекті мәселелердің бірі. Жасыл экономика табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен байланысты. Табиғаттың тазалығын сақтайтын да, бүлдіретін де адамзат. Жай ғана қоқыстың өзі табиғаттың ластануына себепші. Қалдықтарды жинап, сұрыптап, әрқайсысын бөлек жәшікке жинап, оны қайта өңдеп кәдеге жаратсақ қосымша табыс көзі де болары анық.
Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбековтің айтуынша, 2016 жылы «2020 жылға дейін қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған кәсіпорындармен өзара іс-қимыл, тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау, кәдеге жарату және қайта өңдеуді енгізу бойынша жол картасы» әзірленген. Облыста 8 рұқсатсыз қоқыс жинақталған жер, 9 арнайы рұқсаты бар қоқыс жинақталған жер, 8 барлық санитарлық талаптарға сәйкес келетін тұрмыстық қатты қалдықтарын (ТҚҚ) көму полигоны және 33 өнеркәсіптік улы қалдық полигоны бар. 2018 жылдың сәуір айынан бастап «GLOBAL EСOSORT» ЖШС «Көктем» МКК-ның ТҚҚ полигоны учаскесіне өз қаражаты (74,75 млн.тг. немесе 230 000 $) есебінен қалдықтарды сұрыптау желілерін орнатып, іске қосты. Яғни қоқыс полигонның өзінде сұрыпталады. Осылайша, биыл 6 айда 56 136 тонна ТҚҚ полигонға жиналып, оның 8 899 тоннасы немесе 15,8 % кәдеге жаратылған.
Қоқыстан қауіп қандай?
«Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осиннің айтуынша, әлемдегі басты экологиялық мәселелердің бірі – қоқыс.
«Өкінішке орай, адамдар табиғат пен адамның қандай қауіпті аймақта өмір сүріп жатқанын түсінбейді. Планета қоқысқа толды. Тұрмыстық қалдықтар атмосфераға ғана емес, су ресурстарына да кері әсерін тигізеді. Тұрмыстық қалдықтарды ағынды суларға тастау дүниежүзілік мұхит суларының ластануына әкеліп соғады. Бұл биологиялық өнімділікті төмендетеді және климатқа да кері әсер етеді. Ағаштан, гипсокартоннан, металдан, бетоннан және т.б. қалдықтардан тұратын құрылыс қалдықтары экожүйенің балансын бұзуы мүмкін. Осындай қалдықтар өте баяу ыдырайды. Мысалы, кірпіш сынықтары топырақта 100 жылға дейін жата береді. Жылдан жылға өнеркәсіптік кәсіпорындар мен қалдықтардың көлемі артып келеді. Нәтижесінде табиғи ландшафттар жойылып кету алдында», - дейді К.Осин.
Пластикалық пакеттен жыл сайын 100 000 теңіз жануары өледі. Мұхит суының әрбір шаршы милінде 46 000 пластикалық қоқыс жатыр екен. Жыл сайын 4,3 млрд шикі мұнай галлоны полиэтилен пакеттерін өндіруге жұмсалады.Бүгінде әлемде ауыл шаруашылық қызметіне жарамды жүздеген мың гектар жер шіріген қалдықтың кесірінен пайдаға аспай отыр. Радиохимиялық зауыттар, атом электр станциялары, ғылыми орталықтар қоршаған ортаға ең қауіпті радиоактивті қалдықтарды шығарады. Экологтың айтуынша, олар қауіпті емес, бірақ экологиялық апатқа алып келуі мүмкін. Сондықтан қайта өңдеу өте маңызды және қажет.
Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату қоршаған ортаға және адам денсаулығына оң әсерін тигізіп қана қоймай, екінші рет шикізат пен өнім алуға мүмкіндік береді. Қатты тұрмыстық қалдықтар әртүрлі болады: картон, ағаш, металл, кәдімгі қағаз, тоқыма, былғары, резеңке, тас, әйнек. Ерекше қауіптісі - бұл пластмассадан жасалған қоқыс, ол ұзақ уақыт бойы ыдырамайды және жүздеген жылдар бойы жерде жата беруі мүмкін. Ал шіріген қоқыс - ауру тудыруға қолайлы орта.
«Қоқысты қайта өңдеу күрделі процесс және қатты қалдықтардың әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік беретін жалғыз шешім. Мемлекет қолдаған жағдайда жақсы бизнеске айналдыруға болады», - дейді К.Осин.
Ақтауда қоқыс қалай жиналады?
Қаладағы қоқыстарды жинаумен «Caspiy Operating» ЖШС айналысады. Бүгінде полигонға апарылатын қоқыстар картон, қағаз, металл, пластик болып бөлініп, тек органикалық қалдықтар полигонға тапсырылады. Қазіргі таңда мұнда 100-ден астам жұмыскер және 20-ға жуық техника бар. «Қоқыстарды бөлек-бөлек жинау ойда бар. Бірақ қаладан жинап алып кету қиын. Бізге қоқысты бірге жинап, полигонда сұрыптаған ыңғайлы. Ендігі жоспарымыз - автомобильдерді, автотехникаларды жаңартып, GPS қойылмаған көліктерге қондыру. Ал цифрландыру аясында жеңіл төлем қабылдау үшін мобильді қосымша базасын үлкейтпекпіз», - деді«Caspiy Operating» ЖШС директорының орынбасары Әділет Пірімқұлов.
Қоқыстарды өңдеу. Алғашқы жобалар
Ақтау қаласында қағаз қалдықтарын өңдеуде «EcoWasteAqtau» ЖШС коммерциялық жобасы жұмыс істейді. Серіктестік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 5 жыл мерзімге жеңілдетілген тарифпен несие алған.
Серіктестік қағаз, картон, кітап, журнал сияқты макулатураны ғана жинамайды, сонымен қатар пластикалық бөтелкелер мен пакеттерді қабылдайды.
«Биыл электрондық қалдықтарды жинау жоспарымызда бар. Бұзылған электронды техникаларды да қабылдаймыз. Заңды тұлғалармен келісімшарт бойынша жұмыс жасаймыз. Қағаз қалдықтарын өңдеуге бірінші вагонды 2018 жылдың ақпан айында жібердік. Ақпан-тамыз аралығында 350 тонна макулатураны өңдеуге жібердік. Ең негізгі серіктестеріміз - «Қазақстан қағазы» фабрикасы мен «Карина Трейдинг» салфетка, дәрет қағаздарын шығаратын компания. Бұл екеуі де Алматы қаласында орналасқан. Алдағы уақытта Ақтау қалалық дәрет қағазын шығаратын екі қағаз зауытымен жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз», - деді «EcoWasteAqtau» ЖШС директоры Салтанат Бралина.
«EcoWasteAqtau» 1 шілде мен 31 тамыз аралығында акция өткізіп отыр. Кез келген мектеп оқушысы 1000 кг макулатура әкеліп, планшет жеңіп алу мүмкіндігі бар. Бұл акция оқушыларға тұрмыстық қалдықтарды сұрыптай білуге және қайта өңдеу арқылы жаңа зат шығаруға болатынын түсіндіреді. Былтыр желтоқсан айында мектептерде «Жасыл көшбасшы» акциясы өткен.
«Макулатураны жинап, Қазақстандағы қайта өңдеу зауыттарына жібереміз. Қазіргі таңда компанияда 14 адам қызмет етеді. Қызметкерлердің бір бөлігі «Жаңа Серпін» бағдарламасы бойынша алынып, жатақхана берілді. Жұмыскерлердің басым бөлігі жаңаөзендіктер. Айта кетейін, компания екі қабылдау пунктін ашты. Бірі - 22 шағынаудандағы «Әлем» базарында, ал екіншісі қала сыртындағы «ОРС» базасында орналасқан. Макулатураны адамдар өздері акеліп тапсырады. Көбінесе базар жұмысшылары базарда қалған картон, пластик, пакет сынды заттарды компанияға әкеліп өткізеді. Енді жылдың аяғына дейін қалада тағы екі пункт ашпақпыз. Оның бірін қала ішінде орналастын болады», - деді «EcoWasteAqtau» ЖШС директоры Салтанат Бралина.
Оның айтуынша жақында Холидей Ин қонақ үйіне полиэтилен бөтелкелерді, картонды, пластикалық пакеттерді бөлек салатын көк контейнерлерді қойған. Сондай-ақ 500 картонды қораптарға тапсырыс берілген. Оны қыркүйек айынан бастап мектептерге, «Қазмұнайгаз», «Морпорт» сияқты офистерге, университеттерге қоямыз деп отыр.
Ақтаудағы қоқыстарды қабылдайтын екінші мекеме - «IT Profservisе» ЖШС.«Біз тек пластикалық өнімдерді ғана емес, сонымен қатар қағаз, шыны, қаңылтыр құтылар, электронды техника, батарейка, пакеттерді сұрыптап, Алматыдағы зауыттарға өңдеуге жібереміз. Ақтау қаласында қоқыс жәшіктерінің жанына торлы контейнерлер орнаттық. Ал, қабылдау пунктіміз Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында орналасқан. Ештеңе өңдемейміз, себебі өңдеуге шикізат жеткіліксіз. Екі машина кесте бойынша күнде жүріп жинайды. Енді қалада болатын жәрмеңкеге қатысу ойымызда бар. Жуырда «эко-мобиль» көлігін іске қоспақшымыз. Қоқыс жинау тек бізге емес, біздің экологиямызға да, үкіметке де, халыққа да пайдалы», - деді «IT Profservise» ЖШС директоры Нұрия Бекниязова.
Макулатура, пластикалық қалдықтар, түрлі электрондық техникаларды тапсырғысы келетін қала тұрғындары мына нөмірлерге хабарласа алады: «IT Profservise» - 8(7292)30 83 60, «EcoWasteAqtau» - 8 7079510317.
Еске сала кетейік, еліміздің «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтардың өңдеу көрсеткіші 30%-ға дейін жетуі тиіс.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суреттерді "EcoWasteAqtau" ұсынды
Басты сурет автордікі
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60385,60386,60387"]