Бүгін Маңғыстау облысында 9 жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Маңғыстау облысы əкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақта үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында бір мектеп Ақтау қаласында және Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында, екі мектеп Мұнайлы ауданында және 3 мектеп Жаңаөзен қаласында пайдалануға берілді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау қаласындағы жаңа №29 мектептің "Алғашқы қоңырау" салтанатты жиынына қатысты.
«Жаңа оқу жылында Маңғыстаудың мектептеріне 134 мыңнан астам оқушы барады. Соның ішінде 16600 оқушы 1 сынып табалдырығын аттайды. Бүгін білім күні, өлкемізде сыйымдылығы 6300 орындық жаңа 9 мектеп пайдалануға берілді. Оның төртеуі Ұлттық қор қаржысы есебінен, бес мектеп республикалық бюджет есебінен салынуға қолдау тапты. Бұл ашылып отырған №29 мектепті ерекше деуге болады. Мектепке робототехника, құрастыру, бағдарламалау, үлгілеу, 3D-жобалауға арналған STEM-лаборатория орнатылды. «Жасыл мектебім-жасыл мекенім» жобасы аясында компьютер арқылы басқарылатын смарт-жылыжай салынды. Галографикалық ақпараттандыру бұрыштары, ЧИП арқылы оқушылардың мектепке келіп-кетуін қадағалау жүйесі енгізілді. Сонымен бірге емдік дене шынықтыру кабинеті ашылды. Осындай смарт технологиялар және сауықтыру жобаларын біз барлық мектептерге енгізетін боламыз», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жаңадан ашылып жатқан барлық мектеп спорт залдары, акт залдары, асханалары, кітапханалары, мультимедиялық оқу залдары, заманауи жабдықталған физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық кабинеттері, интербелсенді тақталарымен жабдықталған, технология кабинеттері, тамақ пісіру және тігін шеберханаларымен жабдықталған. Сондай-ақ мектептер аумағында халықаралық стандартқа сай спорттық алаң, ойын алаңдары, жүгіру жолдары және демалуға арналған орындар орналасқан. Ғимараттарға бейнебақылау орнатылып, интернет желісі тартылған.
Ал Маңғыстау ауданы №7 мектеп-лицейінде, Мұнайлы ауданының №13 мектеп-гимназиясы және №14 орта мектепте 3 шағын жылыжай орналасқан.
Түпқараған ауданының жаңа мектеп-гимназиясында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрлық білім беру технологиялары енгізілген, сонымен қатар президент кабинеті жұмыс жасауға дайын.
Ақпараттық стенд арқылы мектепке келушілер, оқушылар, ата-аналар мектептің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысады. Стендте берілген ақпараттарды (мектептің электронды төлқұжаты, мектеп сайты) әртүрлі әлеуметтік желілердегі мектептің парақшаларынан (FB, Instagram, т.б.) QR-code (тез арада қабылдаушы код) арқылы алады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60348,60349"]