Фестиваль тамыз айының 26-30 күндері əдебиетке құштар оқушылар арасында өтті. Мақсаты - жастарды сөз бен тіл шешендігіне баулып, рухани болмысын қалыптастыру. "Ойлы жас" тəлімгерлік мектебінің бастамасы Маңғыстау облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Қатысушылар жас ақындар мүшайрасы, ойтолғау, көркемсөз оқу аталымдары бойынша сынға түсті. 40-тан астам үміткердің арасынан үздіктері суырылып шығып, жүлделі орындарды иеленді. Бүгін Маңғыстау облыстық филармониясында салтанатты түрде жеңімпаздарды марапаттау рəсімі өтті.
-Мен Тұрар Жалғасбайұлы атындағы Шайыр орта мектебінде оқимын. Биыл 10 сыныпқа барамын. "Ойлы жас" мектебіне келу арқылы жазғы демалысымды жақсы өткіздім деп ойлаймын. Өлең шығарып, шығарма жазудың қыр-сырын тереңірек үйрендік. Ал бұл фестивальге көркемсөз оқу бойынша қатыстым, - дейді бас жүлде иегері Бітімбаева Жаннат.
Үздіктерге диплом жəне ақшалай сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, бүгін фестиваль қатысушылары "Отпан Тау" тарихи-мəдени кешеніне арнайы барып, саяхат жасайды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА