«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында Конституция күніне орай өткен мерекелік шара осылай аталды. Оны партия төрағасының орынбасары Звира Есбергенова кіріспе сөзбен ашып, партия және еңбек ардагерлерін, облыстық мәслихат депутаттары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерін осынау ұлық мейраммен құттықтап, ардагерлердің ел дамуына қосқан мол үлесін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Әнұраны шалқығаннан кейін Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбаев құттықтау сөз сөйледі.
-1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. ҚР Конституциясы–мемлекетіміздің іргесін нығайтудағы қарышты қадамдардың қалыптасуы мен жаңа жүйенің орнығуына, саясат сахнасында Қазақстан Республикасының қанат жаюы жолындағы бірден-бір бастаушы заң, серпінді сенім, ҚР Конституциясы—әділет жолын көрсетер мемлекетіміздің Ата заңы, айшықты құжаты,-деді ол.-Қазіргі қолданылып жүрген конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Оған дейін, яғни, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Осыған орай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Н.Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Осылайша Ата заңымыздың қабылданғанына биыл–23 жыл. Осы жылдар аралығында сан түрлі реформалар жүргізілді. Елбасы құрған билік партиясының қатары жыл санап артты. Бүгінде нұротандықтар бұл бастамалардың басы қасында жүр. Олардың қатарында маңғыстаулықтар да аз емес.
Құттықтау сөздерді өлкетанушы, жазушы, «Қазақ тілі» ҚБ төрағасы, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Бектұр Төлеуғалиев, қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы Саламат Нұрұлы, партия және мемлекеттік қызмет ардагері Әлімғали Қапуов, білім беру саласының ардагері Оразғали Өтеулиев, Ауылшаруашылығы саласының ардагері, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ директоры Қаржау Аққұлов және басқа ардагерлер мен депутаттар жалғастырып, ел тәуелсіздігіне қол жеткізген алғашқы жылдардан естеліктер айтып, игі тілектерін жеткізді.
Кездесуге келген жастар да өз лебіздерін білдіріп, аға буынға алғыс айтты. Мерекелік шара ақ дастархан басында жалғасып, ашық-жарқын әңгімеге ұласып, ардагерлерлерге сый-сияпат тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА