Бүгін Абай мәдени-демалыс кешенінде Ата Заңымыз Конституция күніне орай мерекелік концерт өткізілді. Салтанатты жиынға мемлекеттік қызметкерлер, аймаққа белгілі тұлғалар мен қала тұрғындары қатысты.
Шара Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың құттықтау сөзімен басталды.
«Баршаңызды 30 тамыз Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осыдан 23 жыл бұрын еліміздің негізгі ата заңы қабылданды. Бұл Қазақстан азаматтары үшін республика дамуының жаңа беттерінің басталуын білдіретін ерекше оқиға болды. Бұл кезең оңай болмады. Конституция тәуелсіз Қазақстанның ең негізгі құжаты. Нақты шешімдердің арқасында еліміз өзгерді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай Конституция - біздің еркіндігіміздің негізі, тәуелсіздіктің жолындағы жеңістердің жиынтығы. Біздің Конституция бізге өз өмірімізді өзіміз құруға таңдау берді. Ол кез келген қазынадан да құнды деп елбасымыз атап өткен болатын. Бабалардың аңсаған, армандаған, білектің күшімен, найзаның ұшымен алып қойған жеріміздің қазығын қағу керек еді, міне қазығы қағылды. Өзіміздің елімізді құратын, басқаратын жағдайға жеттік», - деді Маңғыстау облысының басшысы Ералы Лұқпанұлы.
Облыс әкімі құттықтау сөзінен соң, еліміздің бірқатар тұлғаларын құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапаттады.
«Мереке қарсаңындағы марапатқа өте қуаныштымын. Өйткен жылдағыдан гөрі ерекше жағдайда өтуде. Себебі ел беделін арттырған Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті өте жоғары деңгейде өтті. Маңғыстау жұртшылығының атынан ата заң мерекесімен құттықтаймын», - деді Маңғыстау ауданы Қаратөбе орта мектебі мемлекеттік мекемесінің директоры Жанат Мизамбайқызы.
Салтанатты жиын жергілікті өнер шеберлерінің мерекелік концертіне ұласты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ