©
Бұл туралы университет ректоры Берік Ахметов мәлімдеді. Ақтауда Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша атқарылып жатқан жұмысты бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өткен болатын. Талқылауда сөз алған ректор оқу орнының биылғы жаңалықтары мен алдағы жоспарларын ортаға салды.
- Қазақстанның азаматтарын қолдау ретінде қолға алынған бастаманың үшінші тармағы жүрегімізге жақын болып тұр. Жастарымызға, олардың білім алуына көптеген мүмкіндіктер қарастырылуда. Мәселен, бастама аясында биыл біздің Есенов университетіне грантқа түсушілер саны былтырғыдан 2,5 есе өсті. Елбасымыз мұнда келген сапарында оқу орнын тек өңірдегі емес әрі қарай білім хабы ретінде дамыту жөнінде айтқан болатын. Соған байланысты біз Каспий маңы мемлекеттеріне ортақ жоғары оқу орны ретінде дамыту әрекеттерін ойлап жатырмыз. Нәтижесінде биыл 1 курсқа қабылданған студенттер саны 4 есе артты. Бұл – университет үшін үлкен жауапкершілік әрі Маңғыстаудың дамуына үлес қосатын процесс, - деді университет Берік Бақытжанұлы.
Үшінші үндеудің аясында республика бойынша 75 мың орындық жатақхана салу қажеттігі көрсетілген болатын. Есенов университетінде де 2019-2020 және 2020-2021оқу жылдарында екі жатақхана құрылысын аяқтау көзделген.
- Қазіргі жағдайға келер болсақ, университетімізде 3 жатақхана бар. 500, 450 және 150 орынға арналған. Бұл, әрине, унисерситеттің стратегиялық жоспарына жеткіліксіз. Барлығын қамту үшін 1000 орындық жатақхана тұрғызуымыз керек деген нұсқауымыз бар. Қосымша бюджет қарастырып, алдағы 3-4 жыл ішінде жатақхана салуды жоспарлап отырмыз, - деді ректор.
Мәжілісте сөз алған Қаржы орталығы АҚ президентінің орынбасары Тілеш Ибраимов та жатақханамен қамту бойынша айтып өтті.
- Бүгінгі таңда Қазақстан көлемінде оқу орындарындағы жатақхана қажеттілігі 83 мың орынды құрайды. Соның ішінде 58 мыңы университет бойынша, 25 мыңы колледж бойынша. Ал Маңғыстаудағы қажеттілік 2600 орын, 1000-ы университет, қалғаны колледж бойынша. Облыста жатақханаға арналған 5 жер тілімі анықталды, - деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол жалпы республика көлемінде жатақханаға ең көп қажеттілік Алматы қаласында тіркелгенін де атап өтті. Онда 24 мың орын болса, Астанада – 15 мың, Шымкентте – 9 мыңға жуық.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА