Маңғыстауға Қазақстан Республикасы Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, «Қаржы орталығы» Акционерлік қоғамының Президенті Ибраимов Асқар Ізімбайұлы, «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Алтынбеков Қайрат Туреқұлұлы арнайы келіп, бағдарлама бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың жайын талқылады. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы МО филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық кеңес мүшелері Президенттің төртінші бастамасына сәйкес жұмыс сапарын «Софи мед групп» ЖШС жұмысын танысудан бастады. Маңғыстау облысы бойынша аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін биыл 1,8 млрд. теңге бөлінген. 2018 жылдың 10 тамызына дейінгі ресми ақпаратқа сәйкес облыс бойынша 63 адам 250,8 млн. теңге көлемінде микрокредит алған.
«Софи мед групп» клиникасына жылына 15 000 адам келсе, бір ауысымда 150 адам емделеді. Күндізгі стационарда 3 төсек орны, жалпы стационарда 56 жатын орын бар. Көпсалалы клиниканың Атқарушы директоры Тулебаева Алма Қасымханқызы өзі басқарып отырған мекеменің жұмысымен таныстырды.
-Емхананың негізі қаланғалы бері мұнда 236 адам жұмыспен қамтылған. Көп салалы «Софи мед групп» ЖШС қазіргі заман талабына сай жергілікті және жалпы республика көлемінде барлық сапа стандарттарына сай қызмет көрсетеді, -деп атап өтті.
Клиника жұмысымен танысқан Қоғамдық кеңес мүшелері Ш. Есенов атындағы университетке келді. Мұнда үшінші бастама «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бойынша университет ректоры Ахметов Берік Бахытжанұлы оқу орнының жетістіктері мен жоспарлары жөнінде айтты.
-Есенов университетінде 3500-нан аса студент қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады. Оқу орнында 700 ұстаз тәлім береді. 1082 адамға арналған 3 жатақхана бар. 2019-2020 жылдары жоспар бойынша 32 шағынауданда 10 000 шаршы метрлік 1000 балаға арналған екі жатақхана құрылысын салу көзделіп отыр. Қазіргі кезде құрылыстық сметалық құжаттары мен бөлінген жер телімдері дайын, -деді Берік Бахытжанұлы.
Бұдан соң қоғамдық кеңестің мүшелері «7-20-25» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап қайтты. 17, 19 шағынаудандардағы көп қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Бұл жердегі 4622,3 мың шаршы метрлік үй 10 мыңнан астам адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Биылғы жылы аталмыш шағын аудандарда 151 пәтер беріледі деп жоспарланған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан бұл үйлерді «7–20–25» бағдарламасы бойынша ипотекаға алуға мүмкіндік бар. Жаңа шағын аудан қала орталығына жақын орналасқандықтан, тұрғындардың қызығушылығын оятып отыр. Мұнда дүкендер, супермаркеттер, мейрамханалар мен басқа да қоғамдық мекемелер салынатын болады.
Қазіргі уақытта өңірдегі екінші деңгейлі бес бірдей банк өз қызметін ұсынып отыр. Игі бастаманың негізгі шарттары бойынша жаңа салынған үй ақысының 20%-н төлеп, қалғанын 7 %-бен 25 жылға дейін несиеге алу қарастырылған.
Жаңа бағдарламасы бойынша үй алғандардың бірі – ауған соғысының қатысушысы Ержан Өтебалиевтің жанұясы. «Ерен ерлігі үшін» және «Атқарған еңбегі үшін» алған төс белгілерінің иегері 137 шаршы метрлік кең үйге қол жеткізгеніне қуанышты.
-Біз 19 шағын аудандағы пәтерімізді «7–20–25» бағдарламасы бойынша БанкЦентрКредиттен алдық. Менің әйелім және төрт балам бар. Үлкен ұлым облыстық құрылыс басқармасында жұмыс істейді. Бір қызым тұрмыста, қалған екеуі әлі студент. Еліміз, халқымыз аман болсын. Біз сияқты жақсы үй алсын. Осы "7-20-25" бағдарламасы бойынша алып отырған үйіміз жергілікті құрылысшы салған үй, өте ризамыз, деді олар.
Өтебалиевтар отбасын жаңа қонысымен құттықтауға келген Қаныбек Жұмашев "7-20-25" бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлер санының көбейіп жатқандығын атап өтті.
-Республика көлемінде жылына 500-600 пәтер несиемен сатылады. Алматы, Астана, Ақтау қалалары өтінім саны бойынша алғашқы үштікке кірді. Біз де осында халықпен кездесіп, қандай мәселелер, қандай сұрақтар туындауы мүмкін соны талқыламақпыз, -деді ол.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60084,60082,60081"]