Тәуелсіздігімізге 25 жыл болған Қазақстанда 130 – дан астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Көп ұлт азаматтарын бір аспан астында бейбіт өмір сүріп отырғаны - қазақ халқының қонақжайлылығының бір көрінісі шығар. Сонау Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі Түркия Республикасы болатын. Екі ел арасындағы сыйластықтың алтын көпірі осы күнге дейін өз мықтылығын сақтап келеді. Соның бір айғағы жуырда Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Қазақстандағы өкілі Мехмет Бодұр ауданымыздағы білім ошақтарының заман талабына сай материялдық – техникалық жабдықталуына қол ұшын берді. «Ел болашағы білімді жастар» деп Елбасымыз айтқандай білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Елдің ертеңін сеніммен тапсыратын жастарымыздың сапалы білім алуына жасалынып жатқан игі істер екі ел ынтымақтастығының көрінісін тағы бір айқындағандай еді.
Атап айтсақ, С.Жаңғабылов атындағы орта мектеп ғимаратын интербелсенді тақта, компьютерлер, химия кабинеті мен зертхана бөлмесін құрал-жабдық, үстел орындықтарымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Қаратөбе орта мектебіне лингофон – мультимедия кабинеті, интербелсенді тақта бас компьютермен, қазақ, орыс, ағылшын кабинеттері, Н.Жұбаев атындағы орта мектепте технология кабинеті жаңа үлгіде жабдықталды.
Қазақстан мен Түркия Республикалары арасындағы бауырластық қарым - қатынас бұдан ары да жақсы жақтарымен таныла беретінін Мехмет Бодұр жағымды жаңалыққа орай өткізілген жиында айтып өтті. Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, аудандық білім бөлімнің бастығы С.Қалиева, мұғалімдер игі істің жүзеге асқанына қуанышты екендерін жеткізді. С.Қалиева Мехмет Бодұрға аудан әкімі Ж.Айтуаровтың «Алғыс хатын» табыстап, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
А. РАХМЕТОВА