©
2018 жылдың ақпан айында денсаулық сақтау саласында «Даму Мед» мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл қосымшаның мүмкіндігі сан алуан. Бұл туралы бүгін Ақтау қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру жиынында айтылды. Жиынға «Тұрғын-үй комуналдық шаруашылығын цифрландыру, «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесі, Egov.kz үкіметтік порталының мамандары және қала тұрғындары қатысты.
Аймақ тұрғындары бұл қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына онлайн түрде жазыла алады. Яғни, смартфоныңыздағы мобильді қосымшадан ұялы телефон және жеке сәйкестендіру нөмірлерін тіркеу керек. Цифрлық бағдарлама дәрігердің жұмыс кестесі мен оны үйге шақыртудың жолын көрсетеді.
«Даму Мед» медицина ақпарат жүйесінің тренері, қалалық №2 емхананың бағдарламашы-операторы Гүлмаржан Темірова «Бүгінгі таңда көптеген мекеме кешенді ақпараттық жүйеге өтті. Соның бірі - «Даму Мед» мобильді қосымшасы. Мұнда емханада электрондық денсаулық төлқұжаты бар әр емделушінің жеке мәліметі тіркеледі. Бұрынғы амбулаторлық картадан электрондық төлқұжат жеке мәліметіне көшіріледі. Мәселен, келген науқасты дәрігер жеке кабинетке кіріп электрондық тіркелген адамдарды талдамаға, рентгенге, ішкі және сыртқы жолдамаларға жіберіп отырады. "Даму мед" кешенді медицина ақпарат жүйесінде емделушінің жеке кабинеті бар», - деп атап көрсетті.
«Даму Мед»-тің артықшылығы ауруды алдын алумен қатар, дәрігерлер мен емделушілердің уақытын үнемдейді.
"Даму мед" мобильді қосымшасының халыққа қандай пайдасы бар?
Гүлмаржан Темірованың айтуынша «Дамумед» мобильді қосымшасын Appstore және Play Market-тен қондырып алуға болады. Артықшылығы өз уақытыңызды үнемдей аласыз, үйде отырып өзіңізге ыңғайлы уақытқа жазылып, балаңызға немесе туысыңызға учаскелік дәрігерді шақыртудың себебін белгілеп, дәрігерді үйіңізге шақырта аласыз. Мобильді қосымша арқылы жеке кабинетінізде «Дабыл» түймесін басасыз. Онда 5 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер шақырта алады. Яғни, дабыл қоңырауы бар», - деді ол.
Сонымен қатар, еңбекке жарамсыздық бюллетенінің ашылған күнін қарап бақылап отыруға болады. Яғни, PDF форматында қолжетімді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша бірқатар ұйымдар еңбекке жарамсыздық қағазы электронды түрде жүргізіліп жатыр.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен