WhatsApp мессенджері қолданушыларына топ болып аудио және видеоқоңырау жасау мүмкін болатын жаңа функция іске қосты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі компания блогына сілтеме жасап.
«Қолданушылар күніне 2 млрд минуттан астам уақытты қоңырауларға жұмсайды. Бүгіннен бастап WhatsApp-та топтық аудио және видеоқоңыраулар жасау мүмкін екенін қуана хабарлаймыз», - делінген хабарламада.
WhatsApp мессенджерімен ең көп дегенде төрт қолданушы топтық қоңырау жасай алады. Топтық чатты бастау үшін ең алдымен бір адамға қоңырау шалып, одан кейін «қатысушыны қосу» деген батырманы басу керек.
Бұл функцияны iOS пен Android операциялық жүйелері бар құрылғылардағы мессенджердің соңғы жаңартылған нұсқасында қолдануға болады.