©
Маңғыстау облысында 2017 жылдың 1 қаңтардан бері аудандық және қалалық әкімдіктердің мәліметтері негізінде, жер учаскесінің пайдалану мерзімінің өтуіне байланысты қайтарылған және пайдаланылмаған жалпы көлемі 26413,87 гектар 452 жер учаскесі анықталған. Осылайша мемлекет меншігіне көлемі 20700,919 гектар 111 жер учаскесі қайтарылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылы облыс аумағында пайдалану мерзімі өтіп кеткен 381 жер учаскесі (18735,5 га) анықталған. Оның 191 учаскесі (405,541 га) Ақтау қаласында беріліпті. Оның 163-і (230,609 га) кәсіпкерлік мақсатта және 28-і (174,932 га) ауыл шаруашылығы мақсатында берілген.
2018 жылы пайдаланылмай тұрған 71 жер учаскесі (7678 396 га) анықталған. 2018 жылы Ақтау қаласында кәсіпкерлік мақсатта берілген 61,3648 га 6 учаске және ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 17,6554 га 2 учаскесі игерілмеген келген. Жаңаөзен қаласында 0,0501 га 2 жер учаскесі игерілмеген.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам жолдауында (35-36 қадам) пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырған болатын.
«Кезінде кей жерлер жекеменшікке өтіп кеткені белгілі. Оларды мемлекеттің меншігіне қайтаруымыз керек. Оның ішінде Ақтау қаласындағы теңіз жағалауы да бар. Жағалауда жасалып жатқан жұмыстың барлығы тек қана халық үшін болуы керек», - деген болатын кезекті жиын барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, 2017 жыл бойынша көлемі 13037,7 га болатын 89 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Былтыр мемлекет меншігіне қайтарылған жердің 7250,0 гектары (6 учаске) Бейнеу ауданында ауыл шаруашылығы үшін берілген екен. Сондай-ақ Түпқараған ауданында кәсіпкерлік мақсатқа ұсынылған 40,3379 га болатын 4 учаске игерілмеуіне байланысты қайтарылып алынды.
Игерілмеген жерлерді қайтару жұмыстары биыл да жалғасын тауып, жыл басынан бері аумағы 7663,219 га болатын 22 жер учаскесі мемлекет пайдасы үшін қайтарылған. Олардың 8-і (79,0202 га) Ақтау қаласы бойынша берілген екен.
Бейнеу ауданында ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп, еш игерілмеген аумағы 7000,0 га болатын 5 учаске қайтарылған.
Мұнайлы ауданында 562,9489 га 5 учаске, Қарақияда 21,0 га болатын 3 жер учаскесі, Түпқарағанда 15,25 га 2 учаске қайтарылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ