«Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының өңірлік іріктеу кезеңі аяқталды. Өтінімдерді «Нұр Отан» партиясы қалалық, аудандық филиалдары мен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері 20 сәуір мен 30 маусым аралығында қабылдады.
Маңғыстау облысы бойынша 19 жоба түсіп, оның ішінде 10-ы облыстық деңгейге өткен. Байқауға үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдары қатысты.
Іріктелген жобалар арасында азаматтардың жұмыспен қамтылуына ықпал ететін, әлеуметтік мәселелерді шешуге, еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жобалар бар. Атап айтсақ, тележурналист Маржан Медиеваның қиын жағдайға душар болған жандарға қолдау көрсететін «Үміт сәулесі» қайырымдылық жобасы, Жаңаөзен қаласы «Ана мен бала-2011» қоғамдық бірлестігінің «Қолдау», «Луара» қоғамдық қорының «Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға бейімделген жағажай», «Алтын жүрек – Маңғыстау» қоғамдық қорының «Кедергісіз бизнес» жобалары.
Сондай-ақ мұқтаж жанұяларға көмек қолын созып келе жатқан «Біз адамбыз-Біз біргеміз» қоғамдық қорының «Мейірім» әлеуметтік дүкендер жобасы да қатысушылар қатарында. Қор құрамында бүгінде 61 мүжәлсіз отбасы тіркеуде тұр.
- Біз 4 жылдан бері ресми қор ретінде жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін екі қоймамыз болды: бірі – қаладан тыс, бірі – қала ішінде. Олардың басын қосып, осы «Мейірім» дүкен-орталығын аштық. Халықтан киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды бір апта бойы жинақтаймыз. Тұрғындар пайдаланбайтын дүниелерін әкеліп бізге тапсырады. Арасында жаңадан сатып алып әкелетіндер де кездеседі. Біз оларды әр сенбі сайын мұқтаж отбасыларға таратамыз, - дейді қор басшысы Иманғазы Досмұхамбетов.
Қорға кем дегенде 4 баласы бар отбасылар тіркеле алады. Балалары кәмелет жасына толмаған болуы керек. Сондай-ақ ХҚКО-нан жері мен баспанасы жоқтығын растайтын анықтама да қажет.
Қор жақында 10 бүлдіршіннің «Алау» лагеріне жолдама алуына мүмкіндік жасаған.
- Мал базарға да тоңазытқыш қойдық. Садақа берген жандар сонда салуларына болады. Біз орталыққа әкеліп, отбасыларға таратамыз, - дейді Иманғазы Досмұхамбетов.
Қор санаулы ай ішінде бірнеше тонна тауарды мұқтаж жанұяларға таратып үлгерген.
- «Мейірім» атты әлеуметтік жобамызды бірнеше ай бұрын бастағанбыз. Соның арқасында көптеген мүжәлсіз отбасы көмек алды. Енді қала аумағынан тыс, аудандарда да орталықтарымызды ашуды жоспарға қойдық. Облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Сараптамамыздың нәтижесінде мүжәлсіз отбасылардың Мұнайлы ауданында, Жаңаөзен қаласында көптеп кездесетінін байқадық. Бірнеше мүгедек балалары бар, ата-аналары үйден шыға алмайды. Студенттерден құралған еріктілер тобы отбасыларға қажетті дүниелерді үйіне дейін жеткізіп беріп, барынша көмек көрсетіп келеді. Оның барлығы қайырымды азаматтарымыздың арқасы, оларға алғысымызды білдіреміз, - дейді қордың бас демеушісі, облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев.
16-30 шілде аралығында облыстық кезеңнің комиссиясы республикаға өтетін жобаларды таңдап, үш жеңімпазды марапаттайды. Республикалық кезеңде жобалар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына жарияланып, жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы анықталады. Оларға қомақты ақшалай сыйлықтар табысталмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58409,58408,58407"]