Бүгін 17 шағын аудан «Айрақты» тұрғын-үй кешенінде жаңа балабақша өз жұмысын бастады. Балабақшаның ашылуына қала, облыс басшылары, құзырлы орган өкілдері, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
Балабақша мемлекеттік тапсырыспен 3-6 жас аралығындағы 200 баланы, коммерциялық бағытта 40 баланы қабылдайды. Бүлдіршіндерге арналған 8 топта 16 педагог қызмет етеді. 5 топ – қазақ тілінде, 3 топ – орыс тілінде тәлім береді.
-Өткен жылы әкімдіктің алдына біраз нақты қадамдар қойылды. Оның ішінде Маңғыстау облысында 3-6 жас аралығындағы балаларды толықтай балабақшамен қамту сұрағы да бар. Биыл Ақтау қаласы бойынша бұл межені орындауға мүмкіндігіміз жеткілікті деп ойлаймыз. Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында 5 балабақша пайдалануға берілмек. Солардың бірі – «Айзере&Айсәуле» балабақшасының ашылуына бүгін куә болып отырмыз, - деді облыс басшысы Ералы Тоғжанов.
Балабақшада оқу-тәрбие жұмыстары жаңа технология бағытында жүргізілмек. Басышылар құм терапиясы, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту, асық терапиясы да енгізілгенін айтты. Аптасына екі рет орыс тобындағы балаларға қазақ тілінен, қазақ балаларға орыс тілінен сабақ өткізіледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қоғам дертімен жұмыла күрессек-Мемлекеттік тапсырыспен қабылданған балалар тамақтың ақысын ғана (15000 көлемінде) өтейді, ал коммерциялық бөлімдегі балалар үшін төлем 40 мың теңге көлемінде. Қазір қалада халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы балабақша кезегінде тұрған балалар келіп жатыр. Бүгінде ол жақта 100-ден астам бала кезекте тұр. Соның 40 пайызы жолдамамен бізге келді. Ертеңнен бастап қабылдай береміз, - дейді «Айзере&Айсәуле» балабақшасының директоры Гүлайым Тұрланқызы.
-Үйіміздің жанынан заманауи үлгідегі балабақша ашылып жатыр. Қызметкерлерге табыс тілеймін, балапандардың қадамы құтты болсын. Өзім әжемін, немеремді бүгін әкеліп отырмын, өте қуаныштымыз. Ата-аналар атынан алғысымды білдіремін, - деді қала тұрғыны Гүлім Сәрсенқызы.
Облыс басшысы бұл шағын ауданның болашақта қаланың ең көрікті жеріне айналатынын, 4 Га жерге спорт орталығы салынып жатқанын да тілге тиек етті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58446,58447,58449,58450,58451,58452"]