"Қызыл көзін ашқанда
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда
Өте бергін жасқанба"
Біз бүгін қала ішілік жолдардағы бағдаршам мен жолжолақтардың (пешеход) орналасу реттілігіне зер салмақпыз. Бұған қала тұрғынының өтініші түрткі болды. Ол қалада көп жерде жаяу жүргінші өткелі болғанымен бағдаршам жоқтығын және облыс әкімдігі алдындағы бағдаршамнан өтерде ережені түсінбегенін айтып хабарласты. Мән-жайды білмекке, қала жолдарын бақылауға шықтық. Сапарымызды өтінішке сай облыс әкімдігі алдынан бастадық. Алдымен мына бейнежазбаға көз жүгіртейік.
https://youtu.be/SX4CdEk7lZoБайқасаңыз, бұл тұста паралельді бағытта екі жаяу жүргінші жолы қатарынан жатыр. Әкімдіктен «Ынтымақ» алаңына өтіп жатқандарды көрген соң бейнежазбадағы жолаушы да алға ұмтылды. Бірақ «Рәміздер» алаңына қарайғы бағытта бағдаршам әлі оның өтуіне «рұқсат берген жоқ». Жолаушы жол ортасына келгенде артындағы бағдаршамға қарап, абдырап қалды.
Бұл бағдаршамнан бас-аяғы бірнеше минутта шатасқан бірнеше тұрғынды байқадық. Оқырманның өтінішінің себебін ұққаннан кейін, құзырлы органдарға хабарласып, бұл жолдан өту ережесін сұрадық.
-Бұл – реттелетін жол қиылысы. Жолаушылардың шатасуына қосалқы бағдаршамды көрмеуі себеп болатын шығар. Бұл жолдан өтетін жолаушы оң жақтағы қосалқы бағдаршамға қарауы қажет, - дейді МО Әкімшілік полициясы жол және техникалық инспекция бөлімшесінің аға авто-инспекторы Дамир Исмаилов.
«Ынтымақ» алаңы тұсындағы бағдаршамда қосалқы бағыт көрсетіліп тұрғанын көзіміз шалды. Дегенмен жолдан өтерде кез келгеніміздің қарсы бетке қарайтынымыз белгілі. Ендеше облыс әкімдігі алдынан Рәміздер алаңына өтетін жолаушыларға түсінікті болу үшін бағдаршамды неге қарама-қарсы тұсқа орнатпасқа?
Әкімшілік полиция өкілі мұнда жер асты өткелін салуға ұсыныс берілгенін жеткізді. Ал Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бексұлтан Шалабаев біз меңзеген жерге бағдаршам орнатылатынын айтты.
«Болашақта 18-жол кеңейтіледі. Яғни, мына "Рәміздер" алаңы мен "Ынтымақ" алаңының ортасындағы жол үлкейтілмек. Тоқтаусыз қозғалыс деген бар, яғни, 12 шағынаудандағы «Сәлем» аялдамасынан келе жатқан көлік Тамшалыға қарай бұрылып кете беретін болады. Сондай-ақ бұл қиылыстағы жаяу жүргінші жолдары алынып, орнына төрт бағытта жер асты өткелін салу жоспарда. Бізде көлік қозғалыстарына анализ жасалады да, өзгерту енгізу бойынша ұсыныс беріледі», - деді Дамир Исмаилов.
Қаладағы жолдардың басым бөлігінде жолжолақ көрсетілгенімен бағдаршам сирек кездеседі. Неке сарайы, Облыстық прокуратура, Халыққа қызмет көрсету орталығы алдарын, теңіз жағалауларын да бір шолып өттік. Жалпы ол тұстарға бағдаршам қойылу керек пе, жоқ па, мамандардан сұрап көрдік. Авто-инспектор былай деп түсіндірді:
«Ол жерлерге бағдаршам орнату арқылы көшеде кептелісті көбейтеміз. Жер асты, жер үсті жолдарын да кептеліс болмас үшін қолға алып отырмыз. Олар орнатылса, автокөлік тоқтаусыз жүріп отырады. Ал мында бағдаршам орнатсақ, бір адам өткенде екі жолақтағы көліктің бәрі тоқтауына тура келеді. Сондықтан бағдаршам тек адам саны көп жерлерге қойылады», - дейді ол.
Бұл сауалды Бексұлтан Шалабаев мырзаға да қойған едік:
-Жол ережесіне сәйкес бағдаршам орнатқан дұрыс. Бірақ бір бағдаршамды орналастырудың өзі 3 млн. теңгеден астам қаржыны талап етеді. Қазір 7 шағын аудандағы емхананың алдына реттелетін жаяу жүргінші жолы орнатылды. Жалпы қала бойынша қала әкімінің тапсырмасына сәйкес реттелмейтін жаяу жүргінші жолдарын реттелетін (бағдаршам мен жаяу жүргінші жолы) жолға ауыстыру көзделді. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне, жол апатының алдын алуға септігін тигізеді. Мұның барлығы бөлінген қаражатқа байланысты, біз бюджетті нақтылауға ұсыныс бердік, - дегенді айтты ол.
Ол алдағы уақытта «Қала жолдары» ЖШС, ІІБ Әкімшілік полициясы мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлескен комиссия құрылатынын жеткізді. Нәтижесінде маңызды деген нүктелер анықталып, сол жерлерге бағдаршам орнатылмақ.
-Әр жолдан өтетін халықтың саны бар. Адамдар жұмысқа шығатын, қайтатын кездерде көбейеді. Мәселен, №1 Ақтау қалалық емханасының алдындағы екі жаяу жүргінші жолы бір-біріне жақын болғандықтан, екеуін қосып, бір реттелетін жаяу жүргінші жолын қойдық. Өйткені ол жерден өтетін халық саны сағатына 350-ден асып отыр, - дейді Дамир Исамилов.
Инспектордан қала бойынша халық жиі өтетін басты жолдарды сұрадық.
-Сары базардың, Ақтау сауда ойын-сауық орталығының, 7 шағын аудандағы емхананың алды, Астана сауда орталығынан теңізге өтер тұста, 8 шағын аудандағы «Рахат» сауда үйінің алдында жаяу жүргіншілер көп. Базарға келушілер, оқушылар, студенттер жиі өтетін жер. Жуырда 7 шағын ауданнан теңізге қарай өтетін Ұшақ ескерткішінің тұсынан жер үсті өткелін салуға ұсыныс бердік.
Осы тұста Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бексұлтан Шалабаев өткел салу жоспарланған нүктелерді айтып өтті.
«Негізі біз қалаға жер асты өткелін салуды қолайлап отырмыз. «Ақбота» саябағы тұсына, 5,6,7,8 шағынаудан аралығына, облыс әкімдігінің алдына жер асты өткелін салу жоспарымызда бар».
Бұдан соң «Ренессанс» қонақ үйі жанынан өткенде жаяу жүргінші жолын байқамадық.
-Ол жерді біз есептегенбіз. Бұл жолға көлік екі бағыттан келеді, сондықтан қозғалыс тоқтамайды. Мұнда да жер үсті немесе жер асты жолын салу арқылы шешуге болады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақтың қастерлі дүниесіАл бұл жөнінде бөлім басшысының орынбасары былай дейді:
«Ренессанс» қонақ үйінің жанынан өткел салуға мердігер анықталды. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр, әлі нақты жауап берілген жоқ. Егер мердігер бас тартқан жағдайда қайтадан конкурс жарияланады. Ол тұста жер үсті өткелін салатын болсақ, теңіз жақтан келе жатқан адамның 15 м биікке көтерілуіне тура келеді. Бұл адамның денсаулығына зиян болуы мүмкін, жоғары шыға алмайтын да адамдар бар. Сондықтан жер асты жолын саламыз деген жоспар бар. Қазір ойластырып жатырмыз», - деді Бексұлтан Шалабаев.
Жалпы қала ішінде жер асты, жер үсті жолдарын салу мәселесі біраздан бері қозғалып келеді. Бұл жөнінде Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Бопышұлы айтқан болатын.
Мамандардың сөзінен түйгеніміз, қала ішілік жолдар реттелу сатысында. Күте білсек, бағдаршам да, жер асты өткелі де болмақ. Енді тұрғындарға оған дейін жолдардан абайлап, байқап өту ғана қалды...Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен Бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
https://www.youtube.com/watch?v=ScIBLxnnoLc [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="56997,56998,56999,57000,57001,57002,57003"]