Осыдан сегіз жыл бұрын Маңғыстау ауданының Қызан ауылында Ш. Бөлтекұлы атындағы спорт мектебінің филиалы өз жұмысын бастады. Ауыл спортын дамытып, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында ашылған спорт мектебінде бүгінде 40-тан астам жеткіншек спорттың кикбоксинг деп аталатын түрімен айналысады. Бүгінде ауыл жастарын халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарға белгілі бапкер Жұбатқан Сайынов дайындап жүр.
- Кикбоксинг-шығыс жекпе-жек түрлеріне және ағылшын боксына негізделген спорт түрі. Кикбоксинг ережесі бойынша бас пен денеге берілетін соққы аяқпен де, қолмен де орындалады. Соңғы жылдары спорттың бұл түрімен облысымызда айналысатын спортшылардың да қатары көбейіп келеді... Шәкірттерімнің жетістіктеріне тоқталар болсам, ағымдағы жылдың мамыр айында Таразда өткен республикалық жарысқа 11 спортшы апардым. 27 келі салмақта Сағындық Шыныбеков, 60 келі салмақта Нұрсәт Ғалымбекұлы чемпион атанды, Мұса Отарғұлов қола медаль иегері атанды. Жалпы жарысқа еліміздің әр аймағынан 300 спортшы қатысқан болатын. Сонымен қатар, 2013 жылы Ресейдің Анапа қаласында өткен халықаралық жарыста шәкіртім Бауыржан Қалдыбаев (81 келі салмақта) чемпион атанды және 2014 жылы Италияда өткен Әлем чемпионатынан екінші орынды иеленді. Қос шәкіртім Өнербек Селбай пен Жантілек Ұлағатов ағымдағы жылдың тамыз айында Ирландияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, бақтарын сынайды. Бүгінде шәкірттерім ауылымыздағы мектептің спорт залында жаттығады, арнайы спорт залымыз жоқ. Осы мәселе шешімін тапса бізге үлкен көмек болар еді,-дейді Қызан ауылындағы Ш. Бөлтекұлы атындағы спорт мектебі филиалының бапкері Жұбатқан Сайынов.
Сегіз жылдық тарихы бар спорт мектебінен талай талантты спортшылар қанат қаққан. Солардың бірі, түрлі халықаралық, республкиалық жарыстардың жеңімпазы Өнербек Селбай. Селбай мен Амалханның отбасында дүниеге келіп, төрт баланың ортасында тәрбиеленген Өнербектің спортты жанына серік еткеніне 7 жыл. Оның спортта қол жеткізген жетістіктері мол. Атап айтқанда, 2013 жылы Ресейде өткен Әлем кубогінен күміс жүлдені иеленіп, 2014 жылы Италияда өткен Әлем чемпионатында және 2015 жылы Грузияда өткен халықаралық жарыста алтыннан алқа таққан. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурыз айында Өскемен қаласында өткен республикалық жарыста чемпион атанып, тамыз айында Ирландияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алған.
- Әр қатысқан жарысымнан елге жеңіспен оралып, бапкерімнің, ата-анамның үмітін ақтау менің мақсатым. Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктеріме бапкерім Жұбатқан Сайыновтың қосқан еңбегі зор. Болашақта мен де ағайыма ұқсап, бапкерлікті қолға алып, ауылымның балаларын спортта тәрбиелегім келеді. Сол мақсатпен бүгінде Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы КМТжУ-де білім алып жатырмын. Болашақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін,-дейді кикбоксингтен спорт шеберіне үміткер Өнербек Селбай.
Венера МИРЛАН Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН