Ұлттық ұлан жауынгерлері Жаңаөзенде тапаншамен жүрген мас адамды ұстады деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оралда орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 маусым күні кешкі сағат 20.13 шамасында орын алған.
Құрамында қатардағы жауынгерлер Елдос Маматаев, Ернай Бастан және Нұржан Кеңесбаев бар 5548-әскери бөлімнің кезекші тобы 1-шағынаудандағы 29-үй маңында мас күйде жүрген жас жігітті байқайды. Ол қатты мас болып қана қоймай, айқай-шу шығарып, көрінген адамды балағаттап, тиіседі. Ол сақшыларды көрген бойда орама затты лақтырып, қаша жөнелгенімен, көп ұзамай қолға түсті. Куәлардың қатысуымен тексерген кезде ораманың ішінен пневматикалық тапанша табылды.
Оқиға орнына Жаңаөзен қалалық Ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы шақырылып, олар 22 жасар тұрғыннан аталған тапаншаны тәркіледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған зейнетақы қалай есептеледі?