Жаңаөзен қаласындағы оқу ордаларының қара шаңырағы Т.Әлиев атындағы №1 орта мектепті 2002 жылы бітіріп кеткен түлектері Бердіғали Берекетов пен Данияр Нұрғалиев түлеп ұшқан алтын ұясына құны 500 мың теңге тұратын заманауи музыкалық аппаратура сыйға тартты. Қазіргі таңда серіктес сыныптастар қонақ үй, туризм, құрылыс саласында ортақ бизнестері бар жеке кәсіпкерлер.
Бердіғали мен Данияр бір сыныпта оқыған. Мектеп бітіріп, Бердіғали Алматы қаласында мұнай саласында жоғары білім алса, Данияр экономист мамандығын алып, қалаға қайтып оралады. Келген соң бірге кәсіп ашуды жоспарлап, қазіргі таңда әртүрлі салада бірге еңбек етуде. Қаламыздың бірқатар құрылыс объектілерін салып, жалға беріп отырмыз дейді кәсіпкерлер. «Жетім көрсең жебей жүр» деп, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмай, «Мектепке жол» акциясы бойынша, мереке кездерінде мүжәлсіз отбасыларға, балалар үйіне қаржылай көмектерін мүмкіндігінше көрсетуде.
«Жаңаөзен жерінде өсіп, білім алып, нан тауып жүргеннен кейін оқыған мектебімізге көмек болсын деп, сыйға тартқан болатынбыз. Себебі, бұл мектепте балаларымыз да оқиды және де үлкен шара, концерт өткізейін десе, арнайы құрылғылары болмай қалып жатады. Сондықтан екеуміз бірігіп, ішінде микрофоны, колонкасы және тағы басқа да құрылғылары бар музыкалық аппаратура тарту еттік», - дейді кәсіпкерлер.
Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының ыстық ықыласына, алғысына бөленген түлектер алдағы уақытта қаламыздың үлкен, ірі құрылыс салаларына да араласып, жұмыстану жоспарларында бар екенін жасырмады.
Әрине, «оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың білмесін» дейді, дегенмен «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме халық?! Қайырымдылық жасауға асығатын қайырымды жандардың қаламызда көп болғаны біз үшін мақтаныш.
Айтолқын МЕНДІБАЕВА