Күні кеше мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміз үлкен өмірге қадам басуда. Жыл сайын өтілетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге Жаңаөзен қаласынан 950 түлектің 737-сі қатысты. Қала бойынша 106 орта ұпаймен облыс және қала көлемінде ең жоғарғы көрсеткішті қалалық мектеп гимназиясы көрсетті. Аталмыш мектептің 6 оқушысы «Алтын белгі», 2 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Бұдан өзге қала мектептері де өз дәрежесінде білім көрсеткіштерін көрсете білді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман» - деген нақыл сөзіндегі оқушылардың білім-білігінің дәрежесін көрсетер биігі – «Алтын белгімен» анықталғандай. Осыған орай, қала әкімі Елубай Әбілов жас түлектерді білім шыңындағы жетістіктерімен құттықтап, «Алтын белгі» иегерлері мен ата-аналарын марапаттады. Маңғыстау облысы бойынша жоғарғы көрсеткіш 124 балл жинаған Жаңаөзен мектеп-гимназиясының түлегі Маржан Мыңжасова: -ҰБТ маған қиын болған жоқ. Ойлағанымнан оңай болды десем де болады. Барлығы дайындалғанымның арқасы деп білемін. Барлық жас түлектерге сәттілік тілеймін. Білім нәрін берген ұстаздарыма, ата-анама алғысым шексіз, - дейді. Биылғы жылдың «Алтын белгіге» үміткер саны 20 болса, соның 14-і қойылған мақсатқа жете білді. Ұлттық тестілеудің қорытындысы бойынша, қаламыздың білім көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары.
«Алтын белгі» иегерлерін қабылдау сәтінде үздік аталған мектеп басшыларына да құрмет көрсетілді. Мектептің қай-қайсысы да өз шәкірттерінің санымен емес, жетістігімен даңқты. Бітіруші түлектерімізге алда тек үлкен белестерге жетуге, Қазақ елін әлемге танытар сенім мен күш-жігер тілейміз.
Н. ТОҚСАНБАЕВА