Қазақстан тәуелсіз ел болып, дербес мемлекетке айналғалы бері еліміздегі ішкі істер басқармасы қызметкерлері Отанымыздағы бейбітшілікті бекем ұстаудағы өз міндеттерін адал әрі абыройлы атқарып келеді. Қоғамдағы әлеумет пен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары ел тәуелсіздігіне өз үлестерін қоса отырып, қоғамымыздағы белең алған қылмыс атаулының барлығымен белсене күресуде.
2007 жылдың 5 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен маусым айының 23 – і «Полиция күні» болып бекітілген болатын. Осы мерекеге орай қалғымас тәртіптің арқасында ауданымыздағы тыныштықты ретке келтіріп, ел игілігі үшін жұмыс жасап жүрген тәртіп сақшыларының бүгінгі тыныс – тіршілігімен танысу мақсатында жаңадан құрылған Маңғыстау аудандық жергілікті полиция қызметі бөліміне ат басын бұрған болатынбыз. Бөлім басшысы осы салада табан аудармай қызмет жасап келе жатырған білікті маман, полиция подполковнигі Тастеміров Қожабек Мұратбекұлы мен тілдесу барысында біраз нәрсені бағымдадық.
- Елбасымыз «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», - деген болатын. Сондықтан әрбір тәртіп сақшысына бұл үлкен жауапкершілік екені белгілі. Біздер үшін бірінші кезектегі ұстаным, еліміздегі әрбір адамның қауіпсіздігі, - деп бастады әңгімесін мекеме басшысы. Қазіргі таңда біздің бөлімде 45 полиция қызметкері жұмыс жасайды, бөлім бірнеше құрамда қызмет етеді. Атап айтар болсақ, ЖПҚ басшысының орынбасары және аға инспектор, учаскелік полиция инспекторлары мен оның көмекшілері, ювеналды полиция инспекторлары болып аудан тәртібін бақылауда ұстайды.
Қ. Мұратбекұлының айтуынша, жергілікті полиция болып құрылған аз уақыт ішінде аудандағы жиі орын алатын бұзақылықтардың біршамасы тиылып, қоғамдық тәртіп тұрақталған. Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары аудан әкімі бекіткен екі айлық тазалық жұмыстарына да белсене атсалысты «Тазалық үнемі жинастыратын жерде емес, тазалық – ластамайтын жерде сақталады» деген қағиданы ұстанған жергілікті полияцияның жеке құрамы аудандағы әрбір мекеме ғимараттары мен көше тазалығын сақтауда бірнеше қызметтер атқарды. Әңгіме соңында ЖПҚ басшысы әріптестерін және осы салада қызмет еткен ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, бірлік, жұмыстарына жеміс тіледі.
Тәртіп сақшысы болу оңай емес. Ол үшін білім де, білек те керек. Шыдамды болуы, адамдармен араласа білуі, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ету полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Олай болса, осындай талаптарды тайсалмай көтеріп жүрген аудандық ішкі істер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыстар тілейміз.
М.КӘДІРБАЕВ