Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Таушық ауылында 14 жастағы қыз бала темір қақпаның астында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жамбас сүйегі сынған оқушы қазір облыстық балалар ауруханасында. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы берген мәліметінше, облыстық аурухана мамандарымен бірге ота жасалған. Науқастың жағдайы тұрақты. Компьютерлік томографияның қорытындысы бойынша тағы бір операция жасалмақ. Әзірше оқиғаның қалай болғаны белгісіз. Тек 14 жасар қыз баланың қақпаның астында қалып жарақаттанғаны жарияланған.
Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл оқиға жайында департаментке ешқандай арыз-шағым түспеген, ата-анасының қояр талабы жоқ. Маңғыстау ауданынан Таушық ауылына қыдырып келген жасөспірім қазір ем қабылдап жатыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА