4 маусым – мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы «Ақтау қаласының қайырымды жандары» еріктілер тобын марапаттады. Бұл туралы филиалдың баспасөз қызметі хабарлады. Іс-шарада өңіріміздің мұқтаж, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарына ерікті түрде қол ұшын беріп жүрген 16 адамға сый-құрмет көрсетілді.
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев еріктілер тобына лебізін айтып, алғыс білдірді.
-Сіздердің азаматтарға көрсеткен шынайы қамқорлығыңыз бен еліміздің әлеуметтік мәселесіне қосқан үлесіңізді, Отан алдындағы патриоттықтың белгісі деп білеміз. «Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріне, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп Елбасы Н. Ә. Назарбаев атап өткен болатын. Біз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңғыру жолындағы жастарға рух пен жігер беретін, өзге жастарға үлгі болатын қадамдарыңызды құрметтейміз! –деді ол өз сөзінде.
«Ақтау қайырымды жандар» тобының жетекшісі Түркменбаева Нағима Төребайқызы еріктілер тобының мақсаты жөнінде атқарылып отырған шараларға тоқталып өтті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Ардагерлер жанымызда» атты фотокөрме ашылды-Қайырымдылық тобының басты мақсаты – елімізде қарттар үйі мен жетім балалар үйінің болмауына ат салысу, қоғамда аз қамтылған отбасылардың санын азайтып, адамдар арасында сыйластық, кішіпейілділік орнату. Өз жұмысымызды осыдан екі жыл бұрын, яғни 2016 жылдың күзінде бастадық. Еріктілер тобында әр түрлі жастағы азаматтар, кәсіпкерлер, студенттер, аналар бар. Біздер осы уақытқа дейін отасына қаржы талап етілетін балаларға, баспанасы жоқ отбасыларға, мектеп жасындағы балалардың киімдерін бүтіндеуге күш жұмсап келеміз. Мәселен, Жетібайда көлік апатына түскен баланың 4-5 отасына жететіндей етіп, 10 күннің ішінде 4,5 млн. теңге жинап бердік. Осындай балалардың сауығуына қаражат бөліп, олардың толық жазылып кетуін бақылап отырамыз, - дейді Нағима Төребайқызы.
«Ақтау қайырымды жандар» төрайымы топтың ағымдағы жылдың тамыз айында Түркістан қаласында өтетін слетке қатысып, республика көлемінде қайырымдылық шараларын ұйымдастыратынын жеткізді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55379,55377,55376,55380"]