Австрияның Лейбниц қаласында маңғыстаулық дзюдошы Бауыржан Нарбаев 60 кг салмақта Еуропа кубогінің күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы спортшының бапкері Манарбек Бисекенов өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.
Лейбниц қаласында өткен турнирде әлемнің 39 мемлекетінен 580 спортшы қатысты. Екі күнге созылған жарыста Қазақстанның намысын 30 дзюдошы қорғады, олардың 18-і бозбалалар болса, 12-сі бойжеткендер.
Маңғыстаулық Бауыржан Нарбаев Португалия, Әзірбайжан, Нидерланды елінен келген қарсыластарын жеңгенімен, финалда ресейлік дзюдошы Р.Абдуллаевқа жол берді. Осы салмақ дәрежесінде тағы бір қазақстандық Арслан Есенгел қола жүлдені қанағат тұтты.
Естеріңізге сала кетейік, Бауыржан Нарбаев бұған дейін сәуір айында Алматыда өткен дзюдодан жастар арасындағы Азия Кубогінде алтын медальге ие болса, мамыр айында жастар арасында дзюдодан өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттер М.Бисекеновтің фейсбук парақшасынан