©
Ақтау қаласын көгалдандыру бойынша қызмет тендерін «Зағиптар қоғамы» қоғамдық ұйымы жеңіп алды. Ұйым бұл бағыттағы жұмыстарға 23 сәуірден бастап кіріскен. Бұл туралы Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Ізғалиев мәлімдеді.
-23 сәуірде келісімшарттар жасақталып, көгалдандыру жұмыстары басталды. Одан кейін қажетті заттарды сатып алу, дайындық жұмыстары жүргізілді. «Зағиптар қоғамы» үшін ешқандай бөлек ереже немесе жеңілдіктер жоқ, заң бәріне ортақ. Мүгедектер қоғамы салықтан ғана босатылды, айырмашылығы осында ғана. Биыл қаланы көгалдандыруға бюджеттен 938 млн. теңге бөлінді. Оның 777 млн. теңгесі жұмсалды. Қалған қаржы қаланың өзге қажеттіліктеріне, оның ішінде жөндеу жұмыстарына, спорттық және балалар алаңын салуға бағытталды. Өткен жылы көгалдандыруға 596 млн. теңге жұмсалған болатын, - дейді Берік Ізғалиев.
Бөлім басшысы қаржының былтырғыдан көп бөлінуін қала көлемінің ұлғайып, жаңа шағын аудандардың қосылуымен байланыстырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауыҚала әкімінің тапсырмасымен жасыл желектерді суғару уақыты таңғы сағат 6:00-10:00 және кешкі 19:00-23:00 аралықтарында жүргізілетін болады.
-Жаңадан отырғызылған көшеттерді 2-3 күнде бір, ал үлкен ағаштарды айына 3-4 рет суарамыз. Бұған дейін ағаштарды водовозбен суаратынбыз, қазір суару жүйесі іске қосылды. Ол 53 шақырым ұзақтықты қамтиды. Енді осы жылдан бастап суару жүйесін автоматтандыруды көздеп отырмыз, - деді Берік Ізғалиев.
Автоматтандыру жүйесі іске қосылған соң өсімдіктерді суару тиімділігі артып, су үнемделмек.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде 120 қызметкердің жұмыссыз жүргені туралы мәселе қозғалған болатын. Көгалдандыру жұмыстары бойынша конкурсқа 5 бірдей мекеме қатысып, нәтижесі 2 сәуірде белгілі болды. Алайда 2 компания наразылық білдірген соң, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан еді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА