Маңғыстауда бір апта бұрын ғылыми экспедиция жолға шыққанын хабарлағанбыз. Өлкедегі киелі орындарды, зираттарды, құдықтар мен мешіттерді аралап, зерттеу жүргізуге бағытталған сапарға шетелдік ғалымдар да тартылды. Экспедицияның алғашқы күні Түпқараған ауданы аумағындағы киелі жерлерді аралаудан басталды. Бағыт «Сұлтан үпі» жерасты мешітіне тоқтағанда шырақшы Мұхамбет Жакеев қорымның біраз мәселелерінің шетін шығарды.
- Бұл жерде Сұлтан үпі атамыздың үлкен жерасты мешіті жатыр. Төмен қарай түссеңіз, бұлақтың суы бар. Мұнда халық өте көп келеді. Кешенің өзінде 1000-ға жуық адамды шығарып салдық. Әсіресе апта соңына қарай лек-легімен келіп жатады. Садақа беретіндері бар, зиярат етіп, еміне шипа іздеп келушілер қатары да көп, - дейді шырақшы.
Сұлтан үпі жер асты мешіті Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығысынан 57 шақырымда Сарытас шығанағына таяу, Сұлтан үпі сайының жоғарғы жағында орналасқан. 1980 жылы мешітке алғаш рет тазалау жұмыстары жүргізілген. 1993 жылдан бері мемлекет қорғауында.
- Ауылдың, ауданның әкімдеріне мұнда жетіспейтін дүниелер жөнінде айтқанмын. Зират аумағын қоршау туралы ұсынысымды да жеткіздім. Көпшілік білмегендіктен, бірден зират басына өтіп кетеді. Алдымен осында келіп, тазаланып, дәрет алып, дұрыс ниетпен барса дейміз. Жазып қойған ескертпелерге де қарамай, ашық-шашық, салғырт жүретін адамдар да кездеседі. Мына жерден мен жаяу жетемін дегенше олар кіріп, аралап, суретке түсіп үлгереді. Бұл зираттың тәртібі, ережесі бар емес пе? Оның үстіне, шырақшыға бағынбай кететіндер де болады. Олармен төбелесіп жатпаймыз ғой. Сондықтан бір шарасын қолға алу керек, - дейді Мұхамбет Жакеев.
Осы жердің тәртібіне, тазалығына қарау үшін мұнда келгеніме 1 жыл болды дейді қария. Экспедиция мүшелерімен бірге журналистердің де ат басын тірегенін естіген соң тәртіп пен тазалыққа қатысты мәселелерді жеткізуімізді сұрады. Мешіт басындағы түнеухананың тарлығын да тілге тиек етті.
- Сұлтан үпінің бұлағынан су ішіп, дұға етіп, сырқатынан айыққан Нұржан есімді ағамыз осы үйді салып берді. Халықтың игілігіне жарап жатыр. Бірақ көлемі кішкентай болғандықтан, адамдар ішке сыймай, бір-бірін күтіп қалады. Тағы бір жайт мұнда келетін жолдан жауын жауған күндері көлік жүре алмайды. Табиғаты ерекше, бөлек жер ғой. Өзіміз талай көлікті жолда тастап, жаяу келгенбіз. Сондықтан атаның мешітіне келетін жандар үшін жолды жасақтап қойсақ, артық етпейтін еді, - деген ниетін айтты ақсақал.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="53902,53898,54065"]