Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында Қазақстанның Еңбек ері, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға спортшының шәкірттері мен ізбасарлары да қатысып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
- Біздің мақсатымыз – грек-рим күресін насихаттау, жастарды осы спорт түріне баулу. Грек-рим күресі турнирі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл Маңғыстауда өткізу бұйырды. Республиканың әр өңіріндегі өткізудегі мақсатымыз – жастарды спортқа баулу. Кейінгі ұрпаққа қандай үлгі көрсетіп, қандай іс жасасақ, олар соны бойына сіңіріп өседі. Сондықтан, жастардың болашағының жарқын болуына бар жағдайды жасауымыз қажет, – деді Жақсылық Әмірәліұлы.
ҚР Грек-рим күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Мейірхан Рахметовтің айтуынша, бұл турнир Unites World Wrestlinga (Біріккен күрес әлемі) халықаралық күрес федерациясы ұйымының жылдық жоспарына енгізілген.
«Еліміздегі грек- рим күресінің дамуына қандай баға бересіз? Турнирді Маңғыстауда өткізу дәстүрге айнала ма? Ауыл спортының дамуы қандай деңгейде?» деген сауалдарымызға Жақсылық Үшкемпіров былай жауап берді.
– Ізімізден ерген жастарымыздың спорттағы аяқ алысы жаман емес. Қоржынымызда жетістіктер баршылық. Дегенмен, ауызбіршілік керек. Біз спорттың еңсесін көтеруіміз керек. Сонда ғана нәтиже болады. Бұл турнир алғаш рет 6-7 жыл бұрын күресті бастаған жерім Семейде өтті. Одан кейін Жамбылда, Шымкентте, Алматыда ұйымдастырылды. Келесі жылы Атырауда өтетін болар. Турнирді өңірдің барлық өңірінде өткізіп, грек-рим күресін дамытуымыз керек. Бала кезімізде ауылдарда спортпен айналысуға жағдай болған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің әр түкпірінде қаншама спорттық нысандар ашылды?! Мемлекеттің қаржысынан бөлек, демеушілікпен, кәсіпкерлердің, елдің, халықтың көмегімен спорт кешендері салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Жастар алаңсыз спортпен айналысып жүр. Ең бастысы жастардың ниеті, ықыласы болуы керек. Бәріміз ауылдан шықтық. Жастардың бойындағы елжандылық, сенімділік, жанашырлық қасиеттері спортты дамыта түседі. Мен жастардан жігер, үлкен үміт күтемін, – деді ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Еңбегі ерен қарттарымСпорт саңлағы өз сөзінде спортқа қолдау білдірген облыс басшылығына, ұйымдастыру алқасына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Пекин олипиадасының күміс жүлдегері, Алматы облысының жоғары спорттық шеберлігі мектебінің басшысы Нұрбақыт Теңізбаев спортқа мемлекет тарапынан қолдау бар екенін, жастар осы мүмкіндікті мүлт жібермей, бос уақытын тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты.
Ата кәсіпті жалғаған Жақсылық Үшкемпіров асыл тұқымды мал өсірумен, оны экспорттаумен айналысатын шаруашылығы жайында да әңгіме қозғады. Ол өз сөзінде Маңғыстау өңірімен де бұл бағытта серіктестік орнатуға мүдделі екенін айтып өтті.
- Ауыл шаруашылығы саласы өте қиын сала, бірақ ата-бабаларымыздың мал бағу тәжірибесінен тағылым алсақ, ел болып агросекторды дамытсақ, ауылды да, қаланы да өркендетеміз, – деп сөзін аяқтады Жақсылық Әмірәліұлы.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ