Бүгін, 5-мамыр — халықаралық акушер-гинеколог дәрігерлердің төл мерекесі Ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап, әйел адамның саулығын арттыру үшін күні-түні қызмет атқаратын зор мамандық иелері үшін бұл күннің айтарлықтай маңызы зор. Жүктілікті жоспарлап, әйелдің босанғанға дейінгі ахуалы мен күтімі дәл осы абзал жандардың жауапкершілігіндегі шаруа. Тіпті, жүкті әйелдің көңіл-күйіне тікелей әсер ететін, бірге қуанып, қиын жағдайда демеу болатын кеңесші де осы акушер-гинекологтар.
«Біздің қызмет қателікті кешірмейді, себебі біз бір емес, екі адамның бірдей өміріне жауаптымыз. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Өйткені, бала – өмірдің мәні ғой, - дейді Маңғыстаудағы «Ясин» медициналық орталығының акушері Мәншүк Қалиева.
«Ұзақ жылдар бойы осы қызметімде істеп келемін. Бұл мамандық үшін жанын беруге даяр әріптестерім бар. Бәрі осы бір жылдың атаулы күнін асыға күтеді. 5 мамырда өзімнің әріптестерім, акушер-гинекологтарды мерекесімен құттықтағым келеді. 7-шағын ауданда орналасқан 1-қалалық емханада Гүлнара Сатыбалдиева, Шолпан Ережепова, Ақмарал Қоңыршаева, Әлия Даутова, Несібелі Шубанғалиева, Айгүл Жұмашева, Жаңыл Турниязова, Лиза Ізғалиева және қазіргі әріптесім Қамқа Сүгірова сынды әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын! Еңбегіміздің жемісін бірге көрейік» , - дейді Мәншүк Қалиева.
Ендеше, барлық акушер-гинекологтарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Маңғыстау бала туудан бүкіл республика бойынша бірінші орында келеді. Өлкеміздің халқының санын көбейтуге үлес қосқан ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамыз! Еңбек еленіп, отбасыда береке арта бергей!
Айгүл ДӘДЕН
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудан АЭС-ті «аластаған» ағалар