24-27 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында жүзу спортынан Қазақстан чеспионаты өтті. 200 метрге арқамен жүзу әдісінен жаңаөзендік Нұрсәт Өтесінов жеңіске жетті.
Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 250 спортшы қатысқан. Олардың арасында ХХХІ Жазғы олимпиаданың чемпионы Дмитрий Баландин, Азия ойындарының чемпиондары Әділ Қасқабай мен Әділбек Мусин, Сабыр Алмас та бар.
- 50 метрге арқамен жүзуде Нұрсәт Әділ Қасқабайға жол беріп, екінші орын алды. Есесіне 200 метрге арқамен жүзуде ұтты. Енді 30 сәуір күні Беларусияның Брест қаласына жол тартпақпыз. Онда 1-5 мамыр аралығында халықаралық сайыс өтеді. Бұл сайыста жасөспірімдер арасындағы олимпиадаға жолдама сарапқа салынады, - дейді Нұрсәттің жеке бапкері Сапар Боранбаев.
Нұрсәт Өтесінов 2001 жылы дүниеге келген. Жүзуден Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, Маңғыстау тарихында алғашқы Спорт шебері. Ересектер арасында Қазақстан Кубогының жеңімпазы.
№2 Жаңаөзен балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің түлегі қазір Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт мектебінде жаттығады. Нұрсәтке алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті ұсынған Сапар БОРАНБАЕВ