©
Бұл туралы бүгін Серік Боранбаев «Ауылды бірлесе дамыту!» жобасының бір жылдық қорытындысы бойынша өткен конференцияда айтты.
Жиында жоба енгізілген ауылдың әкімдері сөз алды. Әр әкім өз ауылының ерекшеліктерін айта келіп, әлеуметтік даму жоспарын егжей-тегжейлі талдады. Серік Боранбаев Қызылтөбе лицейі тек ауданда ғана емес, облыста да үздік мектептер қатарында екенін ескертті.
- Жоба аясында да, ауыл ішінде де жаңа мектеп ғимаратын салу ұсынысы айтылып келеді. Өкінішке орай, лицей 2-орта мектеп ғимаратында орналасқандықтан, оқушыларға ыңғайсыздық тудыруда. Әзірге әр түрлі нұсқалар қаралып жатыр, дегенмен әлі күнге анық шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай бей-жай қалмай, талабы зор балаларға арнап, жаңа мектеп бой көтерсе, ауылдың деңгейі көтерілер еді, - дейді ол.
Еске сала кетейік, 2017 жылы Қызылтөбе лицейі облыстағы ең үздік ауыл мектебі атағына ие болды. Қызылтөбе лицейі – 5 жыл қатарынан білім саласы бойынша алғашқы мектептің бірі, 2017 жылы ҰБТ қорытындысы бойынша бірінші орында, республика бойынша үздік 35 мектеп қатарында. Мектеп оқушылары – республикалық пәндік және ғылыми жұмыстар жеңімпаздары.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: WhatsApp мессенджерінде жаңа қызмет іске қосылмақАйта кетейік, Қызылтөбе ауылдық округі Қызылтөбе ауылы, Қызылтөбе-2 тұрғын массиві, Бірлік және Ынтымақ елді мекендерінен құралған. «Әкімшілік аумағының ауданы 12 661 гектарды құрап, 3 700 үйде (аула саны) 28 113 халық тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенділер саны 18 808 адамды құрайды» деген статистика келтіреді ауыл әкімі С.Боранбаев. Әкім ауылдың ерекшелігі мен әлеуметтік проблемаларын да айтты.
- Қызылтөбе ауылының табиғаты шөлейтті, жері құнарсыз, шағын желдері көп болады. Мал өсіруден 18 шаруа қожалығы бар, ал егін шаруашылығы дамымаған. Биылғы жылдан бастап, ауылға су тарту жоспары алға қойылды. Сметалық құны 2 млрд 202 миллион теңгені құрайтын жобамен алдағы уақытта ауылға су тарту жоспары басты мақсат болып отыр, - деп атап өтті ол.
Айгүл ДӘДЕН
Көрнекі сурет 7292info.kz архивінен