©
Маңғыстауда ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Күн тәртібінде қоршаған ортаны қорғау, аймақтың экологиясын жақсарту, оның ішінде Химиялық-гидрометаллургиялық зауыттың мәселелері мен оны шешу жолдары сөз болды. Сондай-ақ тұрғындарды спортқа баулу және спорт ғимараттарымен қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғасының алдын-алу мен азайту, қалалар мен аудандардың инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысына осы салалар жөніндегі басқарма мен депатраменттер өкілдері қатытсы.
Күн тәртібінде ең алғаш қозғалған мәселе – аймақтың экологиялық ахуалы. «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ деректеріне сүйенсек, мониторинг қорытындысында облыстағы 62 елді мекенде жер-кадастр базасына енбеген 5000-ға жуық құрылыс нысандары көрсетілген. Облыс бойынша 2018 жылғы 1 наурыздағы жағдайы бойынша барлауға және өндіруге арналған 243 жер қойнауын пайдалану келісімшарттары тіркелген. Бұл мәселеге Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов өз баяндамасында тоқталып өтті.
«Облыста тіркелген 96 пайыз жер қойнауын пайдаланушының учаскесінде келісім-шарттан тыс пайдаланылған аймақтар анықталған. Сонымен бірге ғарыштық түсірілімдер негізінде Жаңаөзен қаласының солтүстігіндегі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Алмэкс плюс» ЖШС-нің аумағында жалпы көлемі 165,7 гектар жерде мұнай қалдықтарымен ластанған 471 жер учаскелері анықталған», - деді Жер қатынастар басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.
Өңірдің экологиялық мәселелері мен оны шешу жолдары туралы экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов те кеңінен мәлімдеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауды цифрландыру жайы қалай?"Маңғыстау облысының атмосферасына жағымсыз әсер ететін жағдай – мұнай-газ және энерго-коммуналдық шаурашылық секторларының тұрақты көздерінен ауаға шығатын зиянды заттар болып отыр. 2017 жылы нақты ауаға шығарылған зиянды заттардың жалпы көлемі 99 700 тоннаны құрады. Сондықтан былтыр Табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп, ауаға шығатын зиянды заттар көлемін 14 800 тоннаға азайттық. Одан басқа биылғы жылы Департамент өндіріс ошақтарындағы зиянды қалдықтарды онлайн режимде бақылап отыру мақсатында «Каспий Битум» ЖШС-мен ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Оған компания 45 миллион теңге бөлді. Осы жылы бұл бағытта жұмыстар басталып, 2021 жылы толық іске қосылады", - деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов.
Экология департаменті Ақтау қаласының айналасын шаң-тозаңнан қорғау мақсатында жасыл-желекпен көмкеруді де ұсынды. Айта кетейік, Табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мұндай әдісті қолға алған. Ол – «Қошқар ата» көлінің маңына отырғызылып жатқан теректер мен жасыл-желектер. «Қошқар-Ата» қоймасының бүгінгі жағдайы жөнінде Табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Кұсбеков баяндама жасады.
Департамент тарапынан облыстағы табиғат пайдаланушылар іс-шаруашылығына 8 тексеру жүргізіліп, 55 әкімшілік іс қозғалған. Жалпы айыппұл көлемі 44 122 584 теңге, оның бүгінде 4 140 490 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілген.
Отырыс соңында күн тәртібіндегі мәселелерді шешу мен алдын алуға қатысты шешімдер қабылданды. Облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ