Маңғыстауда мекемелерде Кәсіподақтар дауы болған кездер аз емес. Жұмысшылардың құқығы мен талап-арыздарын қадағалайтын Кәсіподақтар ұйымында тағы бір өзгеріс енбек.
Бүгін Маңғыстау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Нұрсапа Примашев пен Өңірлік кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жаңабеков өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсіміне сот төрағалар, судьялар мен кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.
- Өңірдегі жұмысшылар сотқа жүгінбей тұрып, мекеме басшылығы арасындағы кикілжіңді реттеуге жағдай жасауымыз керек. Қазақ бір сөзге тоқтаған халық. Бұрынғы ата-бабаларымыз қандай дау болмасын, ымырашылдыққа, татуластыққа үндеп отырған. Дамыған елдерде даудың 70-90 пайызы сотсыз, бітіммен аяқталып отыр. Елімізде сот өндірісінде өзара бітімгершілікпен қысқартылған істердің саны жыл сайын көбейіп келеді, - деп атап өтті облыстық сот төрағасының м.а. Нұрсапа Примашев.
- Кәсіподақтар ұйымы азаматтық қоғам ретінде өз міндетіне көп әлеуметтік мәселелерді алып отыр. Елімізде жұмысшылар мен мекемелерге қатыстың Еңбек заңнамасы күшейіп келеді. Бұл меморандум арқылы сотпен бірге жұмысшылар мен мекеме құқығын қорғай аламыз, олардың өзара дауын сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік бар, – деді Қайрат Жаңабеков.
Нұрсапа Примашевтың айтуынша, қоғамда кәсіподақтардың рөлі төмендеген емес.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Нұркен Өтеуілов «Маңғыстау театры жайлы пікірім өте жоғары»- Біздің облысымыз өндірістік кәсібі дамыған ірі аймақ ретінде есептеледі. Өлкеде бірнеше мыңдаған жұмысшылары бар ірі-ірі мекемелер жетерлік. Мекеменің өсіп-өнуі үшін, жұмысшылардың тұрмысы жақсаруы үшін бұл меморандумның маңызы зор. Әсіресе, өңірдегі мұнайшы жұмысшылардың дау-дамайлары осы кәсіподақтың жұмысына тікелей байланысты, – дейді ол.
Қазіргі уақытта сотта қаралып жатқан еңбек даулары мәселелері көбейіп отыр. Келешекте мұндай істер болмас үшін, облыстық сот пен Кәсіподақтар ұйымы бірлесе жұмыс атқарады. Олар еңбек заңнамасын жұмысшыларға түсіндіріп, сот тәжірибесін жетілдіру арқылы екі тараптың татуласуына жағдай жасауды көздейді.
Айгүл ДӘДЕН