Бұл жөнінде Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Тегін цифрлық телевизияға көшкен соң облыс халқы 15, ақтаулықтар 30 телеарнаны тамашалай алады. Қазіргі таңда тиісті техникалық, ұйымдастырушылық, инфрақұрылымдық және ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Маңғыстау облысында бұрын да түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондықтан өңір тұрғындарының цифрлық телевизия туралы мәліметтен хабары бар. Жалпы алғанда 47 елдімекен қамтылып отыр. Оларда 480 мыңнан астам халық тұрады. Ал инфрақұрылымдық тұрғыдан алар болсақ, облысқа қажетті 21 радио-телевизиялық стансалардың барлығы іске қосылды. Заң талаптарына сай цифрлық телевизияға көшкен кезде 6 ай бұрын алдын ала хабардар етіледі. Қазан айында көшу жүзеге асырылатын болады, - дейді ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Елдос Нәшірәлі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудағы жер учаскелерінің 95%-ы электрондық картаға енгізілгенЕліміз бойынша 827 радио-телевизиялық станса орнату қарастырылған. Қазір олардың 356-сы іске қосылған. Маңғыстау облысы бойынша 21 радио-телевизиялық станса жұмыс істейді.
Қазірдің өзінде цифрлық телевизиямен облыстың 95 % қамтылған. Алдағы жұмыстар нәтижесінде 98 %-ға жеткізілмек. Ал қалған 2 %-ды шалғай, цифрлық сигнал жетпейтін аудандар құрайды. Бірақ Олар «Отау» арнайы спутниктік теледидармен қамтылып отыр.
Маңғыстау облысымен қатар жыл соңына қарай Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары да аналогтық хабар таратудан цифрлық жүйеге ауыспақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ