Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде аймақта мал шаруашылығының дамуы, «Астана-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесі, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы кейбір жайттар, Премьер-Министр кеңсесінің тапсырмаларын және хаттарды мерзімінде орындау мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.
Жиында алдымен аймақ басшысы Ералы Тоғжанов «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған Әбиесов Жомарт Амангелдіұлын таныстырды.
Аппарат мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мал шаруашылығындағы көрсеткіштерден хабардар етті.
– Биылғы жылдың басындағы көрсеткіш бойынша ірі қара мал саны 17 800 басқа жетіп, 18%-ға өсті. Қой саны – 281 600 (2,5%), ешкі – 91 600 (5,5%), жылқы – 69 600 (10,5%), түйе – 59 000 (11,5 %), құс 41 200 (42,0%) басқа артты. Аймақтағы барлық мал саны – 520 000 бас. Барлық санаттағы шаруашылықтарда мал мен құстың тірілей салмақта етке өткізілуі 10 382,2 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ға өсті, ал сиыр сүтін өндіру 20,2%-ға артып, 6 293,8 тонна болды. Сонымен қатар 4 971,7 мың дана тауық жұмыртқасы өндіріліп, 2,8 есе артты. Бүгінде облыста 29 асыл тұқымды мал шаруашылығы тіркелген. Асыл тұқымды қойдың саны – 10500, жылқы – 3100, түйе – 1700, ірі қара мал – 200 бас. Өткен жылы облыста 59 құдық қазылды. Атап айтсақ, Ақтау қаласында – 1, Бейнеуде – 1, Маңғыстау ауданында – 7, Мұнайлыда – 5, Қарақияда – 28, Түпқарағанда - 17 құдық қазылды,– деді аталған басқарма басшысы.
Серік Қалдығұлдың айтуынша, өткен жылы «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы 113 млн. 910 мың теңгенің тауарлы несиесі берілді. Атап айтқанда мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу қондырғыларына және ауыл шаруашылығы техникаларына 43 млн. 962 мың теңге, ауыл шаруашылығы жануарларына 69 млн. 948 мың теңге бөлінген. 2017 жылы 50 мың тонна пішен дайындау жоспарланып, 51,2 мың тонна ірі сояулы шөп жиналған.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аталған басқарма басшысы мен аудан әкімдеріне құдық қазу, мал басының санын көбейту, асыл тұқымды мал басын арттыру туралы тапсырма берді.
Жиында Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов «Астана-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесінің іске асуы туралы ақпарат берді.
– Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде кедендік реттеу туралы жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Жаңа құжат кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға бағытталған. Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 38,39 қадамдарын іске асыру шеңберінде «Астана-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесі әзірленді. Біз 1 сәуірден бастап «Астана1» ақпараттық жүйесін қолданысқа еніздік. Бұл жүйе Дүниежүзілік сауда ұйымының, халықаралық стандарттарына сәйкес 90-нан аса мемлекетте белсенді қолданылатын «ASYCUDA» бағдарламасы шеңберінде әзірленген көп функционалды бағдарлама болып табылады. Бағдарламаның бірінші кезеңі 2017 жылы 1 қазанда басталды. Бүгінде «Транзит» үдерісінде тауарларды кедендік рәсімдеу 8 есеге қысқарып, 47 минутты құрады, – деді Әлібек Тілегенов.
Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап «Астана-1» жүйесі бойынша шығарылған тауарларға арналған декларация саны – 1439. Оның ішінде ішкі тұтыну кедендік рәсіміне, яғни импортқа – 591, экспорт бойынша – 761, басқа кедендік рәсімдерге 87 декларация өткен.
– Біздің департаментте бизнес үрдістерді цифрландыру, кедендік рәсімдерді орталықтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Кедендік рәсімдеу «бір терезе» қағидасымен жасалады. Операциялық залда жеке және заңды тұлғалар барлық қызметтерді электронды кезек арқылы ала алады. Операциялық бөлімде бақылау үдерістері жүреді. Сондай-ақ баж және кеден салықтарын төлеу үшін 2 деңгейлі банктердің өкілдері де бізде жұмыс істейді. Мұның барлығы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. «Астана-1» жүйесін толыққанды іске қосу арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға, индустрияландыру, экономикалық өсімді, тауар айналымын арттыруға жұмыстанып жатырмыз.
Ералы Тоғжанов түбекте тауар айналымын көбейту үшін шет мемлекеттерді, түрлі компанияларды және жергілікті халықты мұндай жаңалықтардан хабардар етуді тапсырып, цифрландыруды әрбір салаға енгізгенде орын алатын жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мамандарды қайта оқытудың қажеттілігі туындайтынын қаперге берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Студенттер шеберлерден тағылым алдыАппарат мәжілісінде баяндама жасаған облыстық индустриалды инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Әбдіқадыровтың айтуынша, «Үдемелі индустриалдыин новациялық даму» бағдарламасының екінші бесжылдығында 2015 – 2019 жылдарға арналған облыстың Кәсіпкерлікті қолдау картасына 22 жоба енгізілген. Жобаларға 526,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция салу, 3349 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
– «Куду Индастриз Қазақстан» ЖШС-ның бұрандалы сорғы шығаратын цехы өткен жылы 820 дана сорғы шығарды. Биыл 1101 сорғы өндіреді. Бұл цехта 16 адам жұмыс істейді. Биыл I жартыжылдықта тапсырыс көлемін көбейтіп, цехтың қуаттылығын арттыруды көздеп отырмыз. Нан, кондитерлік және макарон өнімдерін, тағы да басқа тағам түрлерін шығаратын «Берекет–Ф» зауытының да бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесеміз. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өңірлік филиалымен бірігіп, 100 сауда нүктесін ашып, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін халыққа ұсынамыз, – деді Талғат Сейілханұлы.
Жиын соңында Премьер -Министр кеңсесінің тапсырмаларын және хаттарды мерзімінде орындау мәселесі де қаралды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл міндеттерді уақытында орындамаған бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларына ескерту жасап, қатаң талап қойды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ