Бүгін кешен жұмысымен облыс басшысы Ералы Тоғжанов танысып қайтты. Тұрғын-үйдің құрылысы 2008 жылы басталған. Дегенмен белгілі бір ақауларға байланысты тоқтатылған. Араға он жыл салып кешеннің алғашқы бөлігі мамыр айының басында пайдалануға берілмек.
- Бұл құрылысы ұзаққа созылған «Аққу» тұрғын-үй кешенін пайдалануға беру – облыс әкімінің басты тапсырмаларының бірі. Мұнда шамамен 650 пәтер бар. Осы айдың соңында 300-ден астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал қалған 300 пәтерді осы жылы 1 қыркүйекке дейін беру жоспарланған. Қазіргі уақытта «Аққу-1» толыққанды кешенге айналды. Бұрын бұл үйдің төңірегінде туындаған мәселелерге қатысты күдікті жою үшін "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтынан" мамандар шақырып, тексеріс жүргіздік. Олар кешеннің пайдалануға толықтай жарамды екенін растап, жазбаша анықтама берді, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ұлт тәрбиесі отбасынан басталадыНысанның құрылысымен айналысып жатқан мердігерлер - «Оңдасын Строй», «Еврострой» және «Elin Group» компаниялары.
- 2012 жылы құрылыста ақаулар анықталған соң жұмыс тоқтатылды. Сол жылы Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің шешімімен күшейту жұмыстары қолға алынды. 2016 жылы құрылысты аяқтауға үш мердігер белгіленді. Қазір 297 пәтер қоныстануға дайын. Оның ішінде әскери қызметкерлерге 40 пәтер бөлінді. Қалғаны Тұрғын Үй Құрылыс жинақ банкі арқылы үлестіріледі, - деді Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Елдар Машырықов.
Бұдан бөлек облыс әкімі кешеннің болашақ тұрғындарын спорт залмен, балақшамен қамтамасыз ету қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="52549,52550,52551"]